Нақты міндеттер айқындалды

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын талқылау және алдағы міндеттерді нақтылау мақсатындағы актив жиыны өтті. Жиын тізгінін аудан әкімі – «Nur Otan» партиясы Ұлытау аудандық филиалының төрағасы Советбек МЕДЕБАЕВ ұстады.


Маңызды басқосуға аудандық мәслихаттың хатшысы Аманжол Мырзабеков, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік мекемелер мен бөлімдердің басшылары, аудандық Қоғамдық кеңес пен аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері карантиндік шектеу талаптарын мұқият сақтай отырып қатысты. Ал кенттер мен ауылдық округтер әкімдері, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері ZOOM платформасы арқылы онлайн режимде байланыста болды.

Жылдың басты бағдарламалық құжатын талқылау барысында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин, аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов, аудандық орталық аурухананың директоры Жұмаш Баймұратов, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Гүлнар Ауғанова, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Қайрат Сакипов және аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция майоры Марлен Мақсұт өз салалары бойынша сараптамалық сипатта сөз қозғап, Жолдау талаптарынан туындайтын міндеттер аясында жасалынатын қадамдар жайлы мағлұматтар ұсынды.

Өз ынтасымен мінберге көтерілген еңбек ардагері Шаяхмет Үмбетов Президент Жолдауына жалпы қауымның бірауыздан қолдау білдіріп, шынайы пейілмен ризашылығын білдіріп отырғанын жеткізді. Ол жаңа құжаттың талаптарын жүйелі іске асыру нәтижесі халыққа аса тиімді болатынын тілге тиек етті.

Жолдауда айқындалған басты бағыттар мен олардан туындайтын міндеттерді толыққанды талқылау түйінінде Советбек Тұрсынұлы тиісті салалар басшыларына, кенттер мен ауылдық округтер әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Аудан бойынша мейлінше екшелген кешенді жоспардың түзілуі мен оның жүйелі негізде жүзеге асырылу талабын алға тартты. Соның аясында Жолдауды пәрменді түрде насихаттауды, оның басты шарттылықтары ауданның әр тұрғынына түсінікті болуы мақсатындағы жұмыстарды жедел қолға алуды міндеттеді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ