1 қыркүйекте жалпыұлттық халық санағының онлайн кезеңі басталды
Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы басталды. Ол 30 қазанға дейін жалғасады. Биыл алғаш рет деректер екі тәсілмен жиналады: онлайн және дәстүрлі түрде.
2021 жылғы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін ел тұрғындары орналасқан жеріне қарамастан санақ парақтарын өздері және отбасы мүшелері үшін онлайн-режимде sanaq.gov.kz мамандандырылған санақ сайтындағы виртуалды көмекшінің көмегімен толтыра алады.
Жүйе тәулігіне 24 сағат қол жетімді болады, бұл респондентке санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы уақытты таңдауға мүмкіндік береді. Бұл ретте сайтта бланкті толтыруды үзу және кейін жалғастыру мүмкіндігі іске асырылған.
Сонымен қатар, sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтына сілтеме egov.kz электрондық үкімет сайтының басты бетінде бар.
Халықтың дәстүрлі жаппай сауалнамасын 1-30 қазан аралығында өткізу жоспарланып отыр. Мәліметтерді жинауды планшеттер арқылы жауаптарды тіркей отырып, интервьюерлер жүзеге асыратын болады.
Санақ жүргізу кезеңінде 1446 нөмірі бойынша Call-орталық жұмыс істейді. Қоңырауды ұялы телефондардан да, қалалық телефондардан да соғуға болады.
Қарағанды облысының тұрғындарын санаққа белсенді қатысуға шақырады. Барлық алынған деректер құпия болып табылады және заңмен қорғалады. Олар билікке әлеуметтік мәселелер бойынша шешім қабылдауға көмектеседі.