Бірінші сыныпта – 4. Даярлық сыныбында – 9

Аудандағы шалғай ауылдардың бірі – Байқоңырдағы №17 орта мектепте биыл 71 оқушы білім алады деп күтілуде. Оның төртеуі 1-сыныпқа барса, 9-ы даярлық сыныбының табалдырығын аттамақ.

Жалпы, аталмыш мектеп ұстаздары соңғы екі жылдағы жағдайға қарамастан, шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді. Өткен оқу жылын да оқушылар жақсы үлгеріммен аяқтады. Мектеп бітірген 8 түлектің үшеуі жоғары оқу орнына грантқа түссе, екі оқушы колледждердің грантына ие болуы – соның айғағы.

– Мектебіміз биылғы оқу жылын да жан-жақты әзірлікпен бастағалы отыр. Қазіргі талапқа сай, қажетті санитарлық сақтандыру құралдары толық алынды. Арнайы кілемше, қызу өлшегіші бар, залалсыздандыру заттары жеткілікті. Оқу шектеу шаралары талаптарына сай жүргізілетін болады, – дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Ерден Қасымов.

Ерден Болатұлының айтуынша, мектепте география пәнінің мұғалімінен басқа оқытушылар толық. Олардың бәрі арнайы курстан өткен. Індетке қарсы екпе де алған.

«Жаңа оқу жылы қарсаңында аудандық білім бөлімі ауылдағы аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан 10 оқушыға мектеп формасы мен оқу құралдарын алып берді. Енді аяқ киімдер жеткізілуі тиіс. «Мектепке жол» акциясы биыл да жалғасын тауып отыр. Оған ауыл азаматтары өз үлестерін қосуда. Мәселен, қоғамдық кеңес мүшелері – Нұрлан Жүгінісов, Марат Биханов, Мадияр Талпақов, жеке шаруашылық иегері – Қуандық Мейрамбек, жеке кәсіпкерлер – Ораз Ағыбаев, Әлібек Жаналиев 10 оқушыны оқу құралдары, спорт киімдері және аяқ киімдермен қамтамасыз етті. Акция әлі жалғасуда, – дейді Ерден Қасымов.

Орайы келгенде айта кетейік, жазғы демалыс кезінде көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларынан шыққан 5 оқушы Алматыдағы «Бөбек» сауықтыру орталығында болып, демалып қайтты.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ

БАЙҚОҢЫР ауылы.