Құрметті жерлестер! Қадірлі ұстаздар мен оқушылар!
Баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймыз!
Оқушылардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына бар мүмкіндікті қарастыру – біздің басты міндетіміз. Сол себепті аудан мектептерін жаңа заманға сай цифрлық білім беру ресурстарымен қамту, кеңжолақты интернетке қосу және видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстары жалғасуда. Шындығында, ертеңгі күн бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне төгілген тердің өлшемімен таразыланады. Сондықтан ел ертеңінің жарқын болуына, сауатты да салауатты ұрпақ қалыптастыруда мемлекет үшін білім саласы қашан да маңызды болып қала бермек.
Елдегі қазіргі ахуалға байланысты өткен оқу жылын оқушыларымыз қашықтықтан оқу арқылы аяқтағаны белгілі. Бұл қадам, біріншіден, балалардың денсаулығын сақтау үшін жасалған шара болса, екіншіден оқытудың жаңа тәсілін тексеруге таптырмас мүмкіндік болды. Қашықтықтан оқыту өз нәтижесін берді. Мектеп түлектерінің көрсеткіші бізге осыны айғақтады.
Биылғы оқу жылында аудан мектептерінде 1930 оқушы партаға отырса, балабақшаларда 1-5 жас аралығындағы 333 бала қамтылады деп күтілуде. Солардың қауіпсіздігі үшін 1 қыркүйектен бастап аудандағы 17 мектеп дәстүрлі оқыту форматында, 5 мемлекеттік балабақша санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, өз жұмыстарын бастайды.
Қадірлі ұстаздар!
Сіздерге өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз үшін алғыс айта отырып, алдағы Білім күнімен құттықтаймыз.
Баршаңызға зор денсаулық, еңбекте табыс тілейміз.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Советбек МЕДЕБАЕВ,
Ұлытау ауданының әкімі.
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
аудандық мәслихаттың хатшысы.