Конституция — елдіктің басты құжаты
Ата Заң – Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің төлқұжаты. Қай ғасырда, қай қоғамда болмасын, кез келген елдің, кез келген мемлекеттің пайда болуы, қалыптасуы, дәуірлеп-өсуі белгілі бір қағидаға сүйеніп жүзеге асатыны тарихтан белгілі. Отандық тарихнамамызда Ата Заңымыз VIVIII ғасырларда билік құрған Түрік қағанаттары дәуірінен бастау алады. Сонау ерте замандарда Тоныкөк, Күлтегін, Білге қағандарға қойылған тас белгілердегі «Түрік бітік» жазулары мен XI ғасырдағы Жүсіп Баласағұнның өсиет-заңдары Ата Заңымыздың негізгі қағидалары. Сондай-ақ, XVXVIII ғасырлардағы тұңғыш ұлттық мемлекетіміз – Қазақ хандарының заңдары «Жарғы» деп аталғаны бүгінге дейін мәлім.
Жарғы сөзі – әділ, тура, дәл әділ айту деген ұғым. Сондағы Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» деп аталған заңдар елдің елдігін сақтады. Аталған заңдарға халқымыз арқа сүйеп, небір тауқыметті жылдарды басынан өткерді.
Қазіргі Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Референдумға қазақстандықтардың 90-58 пайызы қатысып, 89-14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. Содан бері Ата Заңда белгіленген қағидаттар арқылы Қазақстан Республикасы күрделі қоғамдық қатынастарды реттейтін азаматтық қоғам, демократиялық мемлекет құруға және нарықтық экономиканың іргетасын қалауға сенімді жол ашты. Жалпыхалықтық референ думда қабылданған тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы елдің әлеуметтік өркендеуі мен орнықты демократиялық дамуының негізіне айналды. Сондай-ақ, Ата Заңымыз зайырлы мемлекет қалыптастырудың жаңа бағыттарын көрсетті. Ал, Конституция терминінің түпкі төркіні латынша «constitio» — құрылым деген сөзден шыққан. Нақты айтқанда, Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, елдегі барлық заңдарға қатысы бар жоғары құқықтық-саяси күшке ие заңдар тобы. Қазақстан Республикасының Конституциясы кіріспеден, 9 бөлімнен және 98 баптан, тармақ пен тармақшалардан тұрады. Тәу етер жалғыз киеміз – Тәуелсіздігімізде Ата Заң талаптары негізінде қорғалады. Конституция талаптары бойынша мемлекеттің басты құндылығы – адам және оның өмірі, азаматтардың құқығы мен бостандығы болып табылады. Осыған орай, Ата Заңымыз қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықтың халық игілігін көздейтін экономикалық дамудың, отансүйгіштіктің, мемлекет өміріндегі аса маңызды мәселені демократиялық жолмен шешудің түбегейлі қағидасына айналды. Азаматтың құқы мен бостандығы, жеке тұлғаның жан-жақты еркіндігі, саяси партия мен бұқаралық қозғалыс құру қарекеті, халық билігін жүзеге асыратын демократиялық тетік, экономикалық қатынастың қызметі әлемдік талаптарға сәйкестендірілді. Демократиялық принциптерге негізделіп жасалды. Бүгінгі таңда Ата Заңымыз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялаған Қазақстан Республикасының әлемдік аренадағы әлеуетіне кемелді тұрғыдан кепіл болып келеді.
Биыл еліміздің тірегі – айбарлы Ата Заңымызға 26 жыл толды. Ширек ғасырдан астам уақыт аралығында Конституциямыз ұлттық заңнама жүйесін қалыптастырып, берік іргетасы болып қаланды. Егемен елді бақытты болашаққа бастады. Даңғыл жол ашты. 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ретінде мемлекеттік мерекелердің тізіміне еніп, жалпыхалықтық мейрамға айналды.
Бүгін міне, айбыны асқақ Ата Заңымыз мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтып келеді. Сондықтан, қоғамның бүгіні мен болашағы үшін Ата Заңды ардақтап, маңызына мән беру – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы және парызы.
Қайрат ЖҰМАБАЙ