Жеңіс Қасымбек Теміртаудағы білім мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығын тексерді
Теміртауда мектептер жөнделіп, мектепке дейінгі білім беру мәселелері шешілуде. «Кішкентай таланттар Академиясы» 300 орындық жаңа жеке меншік балабақшаның ашылуына дайындалуда.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Теміртауға жұмыс сапары барысында қаладағы білім мекемелеінің жаңа оқу жылына дайындығын тексерді.
Аймақ басшысы тоғызыншы шағын ауданда салынған балабақшаны аралап көрді. Бұл қаладағы ең көп қоныстанған жерлердің бірі. Мектепке дейінгі мекемелерге сұраныс жоғары. Енді осы академияда 300 бала тәрбиеленетін болады. Құны да қолжетімді болмақ, себебі мемлекеттік тапсырыс мәселесі шешілді.
Қазақ және орыс тілінде оқытатын топтар ұйымдастырылды. Ағылшын тілі де оқытылады. Барлық үй-жайлар ерекше балаларға, оның ішінде мүгедектер арбасына таңылғандарға бейімделген. Аумақта гүлзарлар мен көгалдар орналастырылған, ойын алаңдары жабдықталған.
– 1 қыркүйекке дейін екі мектепте және бір балабақшада жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз, – деді Теміртау әкімінің орынбасары Самат Зияшев. – Соңғы үш жылда қаламызда бес жалпы білім беретін және үш мектепке дейінгі мекеме жөнделді. Келесі жылы екі мектепте күрделі жөндеу жүргізу мүмкіндігін қарастырамыз. Олардың бірі Ақтау кентінде, екіншісі Теміртауда — №12 ЖОББМ.
Қазіргі уақытта Теміртауда 29 мектеп және 26 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Олардың барлығы Ashyq жүйесіне қосылған. Мектептердегі сабақтар офлайн өтеді.
Жеңіс Қасымбек «Таңшолпан» балабақшасы мен №19 ЖОББМ жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді. Мектеп аумағына әлі де асфальт төсеу, футбол алаңы мен шағын сәулет нысандарын орнату қажет. Облыс әкімі барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Жеңіс Қасымбек Ш.Уәлиханов көшесіндегі абаттандырылған аулалардың біріне де барып қайтты. Биыл Теміртауда 27 аула жөнделді.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Уәлиханов алаңы ұзақ уақыт бойы қараусыз қалған. Енді мұнда бос уақытты тиімді және қауіпсіз өткізуге болады. Кешке дейін ойын алаңы балаларға толы.
– Барлық тұрғындардың атынан заманауи балалар алаңы үшін алғыс білдіргіміз келеді, – дейді Сервистік компанияның жетекшісі Светлана Елкина. – Біз 2015 жылдан бастап абаттандыруға өтінім берген болатынбыз. Бұл үйлерде тұратын балалар саны көп. Футбол алаңы мен әртүрлі әткеншектер салынғаны өте керемет.
Сапар соңында облыс әкімі жас дәрігерлер үшін салынып жатқан қызметтік тұрғын үйлерді аралап көрді. Бұл мақсатта бұрынғы жатақхананы қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Жоба аяқталу сатысында, ішкі жұмыстар қалды. Нысанды тапсырғаннан кейін 86 маман пәтер алады.
Дереккөз – Қарағанды облысының әкімдігі