Індет вирусы мутацияға ұшырауда

Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен тәулікте індетке шалдыққандардың қатарын 7400-ге тарта адам толықтырған. Бұл – қорқа қарайтын сұмдық құбылыс. Таныс, дос, көрші, әріптестердің коронавирусқа шалдыққанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Жақынынан айырылып, қабырғасы қайысып отырса да кейде деңдеген дертке әлі күнге дейін сенбестік танытатынымыз жасырын емес. Әйтеуір, «ел аузынан» бұл вирустың жиі мутацияға ұшырап, хамелеон секілді түрліше кейіпке енетін қабілетке ие екенін естудеміз. Ал қазақстандық белгілі ғалым Алмас Шарман вирустың бір айда 2 рет мутацияға ұшырайтынын айтқан еді. Өзіміз анық-қанығын білмеген соң, «Бұ қалай?» деген сауалды арнайы мамандарға тастадық.

Жаңаберді АЙТЖАНОВ, эпидемиолог: Ең алғаш рет денсаулық сақтау министрлігінің генетиктері жаңа коронавирус инфекциясының мутацияға ұшырау дерегін анықтағанын хабарлаған еді. 501.V2 деп аталатын вирустың түрі осыған дейін тіркелген мутацияларға қарағанда тез тарайтыны анықталған. Осы күнге дейін Британия, Оңтүстік Африка, Бразилия, Үндістанның штамдары тіркелген. Соның бір парасы Қазақстанға да келіп үлгерді. Әуелде жөтелмен, температураның  көтерілгенімен анықталатын індет осы күні кей жағдайда ешбір белгі бермейтін болды. Бұл өтеқорқынышты жайт. Демек коронавирустың мутациялануы сұмдық қарқында жүріп жатыр деген сөз.

Елшат МАЙУЛОВИЧ, жалпы тәжірибелі дәрігер: Ғылым кеңесі SAGE-нің зерттеулеріне қарағанда жаңа вирус салдарынан қайтыс болғандар санының артқаны байқалған. Отандық ғалымдар вирусқа қарсы иммунологиялық қабаттың қалыптасуы үшін көп еңбек етіп жатыр. Шын мәнінде әлі бірде-бір дәрігер не ғалым коронавирус мутациясына қатысты нақты дүниені айта алмай келеді. Себебі коронавируста тұрақтылық жоқ. Меніңше, әлемдегі ең тәуір вакцинаны сарыла күтудің керегі жоқ. Сіз күтіп жүргенде вирусқа қарсы тұруға қабілеті бар антиденелеріңіз таусылып қалуы да ғажап емес. Сондықтан екпеден қашып жүргендер болса, саналы түрде салдырып алғандары жөн деп айтар едім.