Ахуалдың тұрақтылығы — маңызды
Елімізде соңғы кезде індет жұқтырған адамдардың саны күрт артып кеткендігі белгілі. Ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп барады. Түркістан облысынан басқа барлық облыс, қала, аймақтар «қызыл» аймаққа енді. Шектеу шаралары күшейтілді. Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан, оның бір ғана жолы бар. Бұл – жаппай вакцинация, екпе салдыру арқылы бұл індетті біз жеңе аламыз.
Біздің ауданымызда да жағдай мәз емес. Аудан бойынша карантиндік шаралар күшейтілді. Бұл мәселе аудан басшысы Советбек Медебаевтың күнделікті тұрақты бақылауында тұр. Ұлытау аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Танабаевтың айтуынша, аудан аумағында санитарлықэпидемиологиялық талаптардың сақталуына баса мән беріліп, індетті алдын алу шаралары жіті бақылауда.
– Ауданда қазір коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Жыл басынан бері 223 адам індеттің ілмегіне ілінсе,14 жасқа дейінгі балалардың саны – 23-ті құрап отыр. Мұның сыртында, сырқаттармен байланыста болған 101адам 14 күнге үй жағдайындағы карантинге жіберіліп, бақылауға алынды. Олардан екі мәрте сынама алынып, індеттен айыққандығы айқындалды. Десек те, аудан «қызыл» аймақта тұр. Өткен аптада аудан бойынша жеті адамнан сырқат анықталып, инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Олармен тығыз қарым-қатынаста болғандардың барлығы карантинге жабылды, – дейді ауданның бас санитар дәрігері. Оның айтуынша, індеттің тиылмай тұрғанына тұрғындардың карантин шараларын сақтамауы себеп болуда. «Маман-дәрігер ретінде айтарым, мәселеге бей-жай қарамай, құзырлы органдардың ескертуіне құлақ асып, сақтық шараларын ұстану қажет.
Адамдар көп шоғырланатын жерге бармау, жиын-той өткізбеу, қолды ұдайы сабынмен жуып, антисептик пайдаланып, маска тағып жүру – басты талап. Бұл қағидалар күнделікті әдетімізге айналуы тиіс», – дейді ол.
Ауданның бас санитар дәрігері індеттің алдын алудағы басты шаралардың бірі – екпе салу жұмысының жайын да егжей-тегжейлі айтып берді. – Бүгінгі күні аудан бойынша 2400 адам вакцина алды. Олардың 1010-ы екінші мәрте егілді. Бүгінгі күні барлық кент, ауылдардан келіп салдырып жатқан азаматтар баршылық. Сонымен қатар, аудандық аурухананың дәрігерлері ауыл-ауылды аралып, екпе салу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Бұл тұрғыда Қарсақбай кентінің тұрғындары белсенділік танытып отыр. Жалпы, кент бойынша 85 пайыздан астам тұрғын екпе салдырып отыр. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Әрине, біз ешкімді күштемейміз. Бірақ, сақтық үшін екпенің орны ерекше екенін еске саламын. Жасыратыны жоқ, екпе алудың баяу жүруіне алып-қашпа әңгімелер себеп болып отыр. Осы орайда айтарым, екпенің еш қаупі жоқ. Екпенің басты пайдасы – ұжымдық иммунитет түзіп, пандемияны жеңіп, қалыпты өмірге ораламыз, – дейді Ерлан Танабаев.
Жасұлан АЯШЕВ