Азаматтар халық санағы сауалдарына бірнеше тәсілмен жауап бере алады

Қазақстандықтар Ұлттық халық санағының сұрақтарына онлайн немесе дәстүрлі тәсілмен жауап бере алады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат АЙДАПКЕЛОВ атап өткендей, азаматтарға ыңғайлы болу үшін бірнеше нұсқа қарастырылған.

«Қазақстанда Ұлттық халық санағын өткізу 2020 жылғы 1-30 қазан аралығында жоспарланған болатын, алайда, елде COVID-19 пандемиясына байланысты 2021 жылғы 1 қыркүйектен 30 қазанға ауыстырылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы қаулысына сәйкес, елімізде үшінші кезекті Ұлттық халық санағын 2021 жылғы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін онлайн жүргізу және 1 қазан мен 30 қазан аралығында планшет қолдану арқылы жаппай сауалнама жүргізу туралы шешім қабылданды», – деп атап өтті Н.Айдапкелов.

Мәліметтерді жинау процесі екі жолмен жүзеге асырылады.

Бірінші әдіс – sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында интернет-сауалнама жүргізу, ол виртуалды көмекшінің көмегімен респонденттерге тұрған орнына қарамастан, өздігінен санақтан өтуге және өзі, отбасы мүшелері үшін санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік береді. Сайт 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 15 қазаны аралығында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады.

Екінші әдіс – дәстүрлі жаппай сауалнама ағымдағы жылғы 1-30 қазан аралығында интервьюерлермен (вакцинациялаумен барынша қамтылған интервьюерлер, сондай-ақ, олар үшін жеке қорғаныс құралдары: медициналық маскалар, пульверизаторы бар спрейлер және антисептиктер қарастырылған) электронды планшеттерді пайдалана отырып жүргізіледі. Санақ кезінде мәліметтерді жинау үшін сәйкестендіруші ақпарат ретінде сауалнама жүргізілетін тұлғаның ЖСН-і пайдаланылатын болады. Бұл мәліметтердің қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, egov.kz Электрондық үкімет сайтының басты парағында sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтына өтетін сілтеме бар, ол арқылы онлайн режимде санақ парақтарын толтыруға болады.

Сондай-ақ, респонденттер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мектептерде және тағы да басқа нысандарда орналасатын арнайы ұйымдастырылған нұсқаушы учаскелерде санақтан өте алады.

Онлайн режимде санақ жүргізу кезеңінде ұялы телефоннан «8 800 080 0878» және стационарлық телефоннан «1446» арқылы Call-орталықтың тегін бірыңғай телефон нөмірінен санақ мәселелері бойынша кеңес беру қарастырылған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2021 жылғы Ұлттық санақтың негізгі кезеңі 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтеді. Оған онлайн режимінде де, дәстүрлі түрде де қатысуға болады.

2021 жылғы халық санағының ұраны – «Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен!».

 Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі.