Өте орынды көтерілген мәселе

Аудандық «Ұлытау» газетінің 2021 жылғы 15 мамырдағы №25 (6312) санында Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі Мағзұмбек Машайықұлының «Үш бидің ескерткіші Ұлы Дала Ұлытауы төрінде тұруы тиіс» тақырыбы телінген мақаласы жарияланған болатын. Оның авторы «аудан орталығында Төле, Қаздауысты Қазыбек, Әйтеке билердің ескерткіші орнатылса» деген ой тастайды. Сөз түйінінде «Бұлантыдағы Ұлы Жеңіс жыл сайын аталып өтілетін Ұлттық Жеңіс күні ретінде белгіленсе» деген ұсыныс-пікірін де білдіреді.


Тарихқа жүгінсек, Бұланты шайқасының орны – тым бөлек. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған жоңғар шапқыншылығынан еліміз босып кетуге айналғанда, қазақ жасақтары жасанған жаудың бетін қайтарып, Ұлытауға жеткізбей тоқтатты. Егер, қас дұшпан сол жолы жеңіліс таппағанда, жоңғарлар қазақтың қасиетті мекені, ежелгі саяси орталығы саналатын Ұлытауға басып кіруі мүмкін еді. Егер Ұлытауды уысына түсірсе, олар Еділ қалмағымен тұтасып кетер ме еді кім білсін?! Осы жағынан алып қарағанда, бұл шайқастың маңызы – өте зор. Тарихта «Бұланты шайқасы» деген атпен таңбаланып қалуы да тегін емес. Бұл қазақ ұлты үшін өткен ғасырдағы Мәскеудің іргесінде фашистерге тосқауыл қойып, шегінуге мәжбүр еткен жеңіспен тең.
Міне, осындай жағдайда қазақ халқының жұдырықтай жұмылып, бірігуіне мұрындық болған Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің кемеңгерлігі ерекше еді. Олар ұлтымыз нәубетке ұшырағанда хан, сұлтандардың арасын жарастырып, ынтымаққа ұйыстырды. Арғанатыдағы «Балбұлақ» осы күнге дейін «үш бидің кеңес құрған жері» деп аталады.
Ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толған шақта ұлтымыздың ірі тұлғалары – кемеңгер билердің еңселі ескерткішін Ұлытау төріне орнатып жатсақ, тарих шежіресіне қосқан аса зор үлес болар еді. Кейінгі буынға өнеге әрі бабалар рухына көрсеткен қапысыз құрметіміз болар еді.
Қалай десек те, Ұлт бесігі – Ұлытауда ұлы үш бидің ескерткішінің тұруы тарихи тұрғыда – көңілге аса қонымды.
Бұған бүтін ел болып, атсалысуға тиіспіз. Өз басым бұл бойында қазақтың қаны бар әр азаматтың бірегей борышы деп санаймын.
Қуаныш БЕКІЛДЕКОВ,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.