Қыркүйекте Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталады

Президенттік кадр резервіне іріктеуге 35 жастан аспаған ел азаматтары қатыса алады. Биыл резервке 50 үміткер кіреді.

Президенттік кадрлық резервке түсуге үміткер азаматтарға қойылатын талаптар туралы Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Айгүл Байханова Өңірлік коммуникациялар қызметінің платформасында өткен брифингте айтып берді.

– Конкурсқа 35 жастан аспаған, жоғары білімі бар, еңбек өтілі 5 жылдан кем емес және мемлекеттік тілді орта деңгейден жоғары меңгерген азаматтар қатыса алады, – деп хабарлады Айгүл Байханова. – Олардың шынайы мотивтері мен құндылық бағдарларын анықтау үшін іріктеудің жаңа құралдары енгізіледі – ахуалдық мәселелерді шешу және мінез-құлықтың құрылымдық сұхбаты.

Резервке іріктеуге қатысуға ҚР Президенті тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервіндегі адамдар жіберілмейді. Резервте болу мерзімі 3 жылды құрайды.

– Үміткерлердің құжаттарын қабылдау 1–30 қыркүйек аралығында pkrezerv.gov.kz онлайн-платформасында өтеді. Биыл тіркеу үшін үміткерлерде ЭЦҚ болуы қажет. Оны қашықтан алуға болады, сондықтан бұл қатысушылар үшін, тіпті шетелде жүргендер үшін де кедергі болмайды. Екінші кезең – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау 2–9 қазан аралығында өтеді. Үшіншісі – ахуалдық есептерді шешу – 12-17 қазан аралығында. Алдыңғы іріктеуде бұл тур болған жоқ, – деп қосты спикер.

Төртінші кезең – құзыреттерді бағалау. Ол екі блоктан тұрады – ассессмент-орталық және құзыреттілік бойынша сұхбат. Ассесмент-орталық арқылы стратегиялық ойлау, белсенділік, қызметті басқару, командалық көшбасшылық, кандидаттардың сенімділігі бағаланады. Құзыреттер бойынша сұхбат кәсіби HR-менеджерлерді тарта отырып, жеке терең сұхбат түрінде жүргізілетін болады.

Бесінші кезең сараптамалық комиссияда қатысушылардың әңгімелесуі болады. Оған іріктеудің алдыңғы кезеңдері бойынша ең жақсы нәтижелер көрсеткендер жіберіледі. Президент Әкімшілігі қалыптастыратын Комиссия әрбір үміткермен жеке әңгімелесу өткізеді. Бұдан әрі резервке алуға ұсынылғандардың тізімі Ұлттық комиссияға жіберіледі. Оң шешім қабылданған жағдайда кандидаттар Президенттік резервке алынады.

Естеріңізге сала кетейік, Президенттік кадр резервіне алғашқы іріктеу 2019 жылы өтті. Оның қорытындысы бойынша оған 300 адам кірді. Бүгінгі таңда олардың 60%-ы орталық, жергілікті мемлекеттік органдарға, ұлттық компаниялар мен жеке ұйымдарға жұмысқа орналастырылды.

Қарағанды облысы бойынша 41 резервші іріктелді. 25 адам жұмысқа орналастырылды. Қалған резервшілерді жұмысқа орналастыру жұмыстары жалғасуда.

Президенттік резервке іріктеу бойынша толық ақпаратпен pkrezerv.gov.kz сайтында танысуға болады.

Дереккөз – Қарағанды облысының әкімдігі