Зардап шеккендерге өтемақы төленді

Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ дала өрті кезінде малы шығынға ұшыраған Жанкелді ауылдық округіне қарасты «Әбдібеков С» шаруа қожалығының жетекшісі Сағынтай ӘБДІБЕКОВ пен осы қожалықта меншікті малы болған Марат БІРІМЖАНОВТЫ арнайы қабылдап, әңгімелесті. Оның барысында олардың алдағы кезеңдегі іс-әрекеттеріне, шаруашылықты қалпына келтіру мен шабындық-жайылым мәселелеріне қатысты пікір алмасып, соған орай, тиімді тұжырымдар жасалды.

Жалпы, есепте бұл шаруашылықта 308 бас мал тілсіз жаудың құрсауында қалып, отқа оранған болатын.

Ауданда облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің тапсырмасы және тікелей бақылауда ұстауымен төтенше жағдай зардаптарын жоюға бағытталған кешенді шаралар атқарылды. Соның ішінде, аталған шаруашылықта орын алған оқыс оқиға салдарын жою, яғни, табиғи апат әсерінен орын алған шығынды өтеу мақсатындағы жұмыстар ұйымдастырылып, қажетті құжаттар қолданыстағы заңнама аясында рәсімделді.

Тиісінше, шаруашылықтағы шығын көлемінің жинақталған өтемақысы 16 910 000 (он алты миллион тоғыз жүз он) мың теңгені құрады. Бүгінгі күні аталған қаржы сомасы зардап шегушілердің есеп-шоттарына аударылып берілді.

Өз тілшімізден.