Қарағанды облысының медициналық ұйымдарына МӘМС қоры 77 миллиард теңгеден астам қаражат аударды
Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында Қарағанды облысының медициналық ұйымдарына көрсетілген қызметтері үшін медициналық сақтандыру Қоры 77 миллиард теңгеден астам қаражат жіберді.
Медициналық сақтандыру Қоры ай сайын медициналық көмектің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізгеннен кейін ауруханаларға, медициналық орталықтар мен емханаларға халыққа көрсетілген медициналық қызметтер үшін төлемақыны жібереді. Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында облысымыздың медициналық ұйымдары 77 миллиард теңгеден астам қаражат алды. Оның ішінде 52 миллиард теңгеге тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінен қызметтер көрсетілді. Бұл азаматтарға МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан көрсетілетін көмек. Қалған сома МӘМС пакетінен қызметтерді төлеуге кетті. Оның ішінде 17,9 миллиард теңге коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуге және КВИ-мен күреске тартылған дәрігерлерді көтермелеуге бағытталды.
– Медициналық ұйымдарға барлық төлемдер медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін жіберіледі. Ақаулар, яғни емдеу стандарттары мен хаттамаларынан ауытқулар, медициналық көмек көлемінің негізсіз артуы, медициналық құжаттамадағы кемшіліктер анықталған қызметтер бойынша Қор медициналық ұйымдарға айыппұл санкцияларын қолданады. Осы жарты жылдықта 600 миллион теңгеден астам қаражатқа ақаулар анықталды. Бұл қаражат медициналық ұйымдардың төлемінен алынды, – деп атап өтті медициналық сақтандыру Қорының Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев.
Айта кетерлік, жыл басынан Қарағанды облысынан медициналық сақтандыру Қорына шамамен 17 миллиард теңге түсті, оның ішінде 2,5 миллиард теңгені ағымдағы жылдың шілде айындағы түсімдер құрады.
Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша
Дереккөз – Қарағанды облысының әкімдігі