Тартысты дода табысты аяқтала ма?

Төрткүл дүниенің назары Токио төріне ауған. Санаулы күндерден соң жазғы Олимпиада ойындары да аяқталады. Төрт жылда бір келетін додада әр ел топ жарып, алға шығуды мақсат тұтады, әрине. Десек те, биылғы жарыс қазақстандық спортшылардың оң жамбасына келмей тұр. Толығырақ тарқатсақ…

ҚАЗАҚ БОКСЫ АЛТЫНСЫЗ ҚАЛДЫ

Иә, Қазақстан әлемге бокс державасы ретінде танылған еді. Заманында талай тарландарымыз шаршы алаңда ойқастап, мықтымсынғандарды сұлатып салатын. Куба сынды елдердің азуы алты қарыс спортшыларының өзі қазақ боксшыларымен жұдырықтасудан қаймығып, мысы басылып қалған кездерді де көргенбіз. Әйтсе де, биылғы додада қазақстандықтар мықтылық көрсете алмады. Оны айтасыз, құрама сапындағы жігіттердің басым дені іріктеу сынынан өте алмай, бірден кері қайтты. Тек, команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев пен жас спортшы Сәкен Бибосынов қана жартылай финалға сүрінбей жеткен еді. Үміт күттік. Алтын болар деп сендік. Үміт ақталмады. Қамшыбек Қоңқабаев америкалық Ричард Торрестен таза жеңілді. Боксшымыздың мұрны бұзылып, қан тоқтамай қойған соң сайыс уақытынан ерте тәмамдалып, жеңіс Ричардтың еншісіне жазылған-ды. Біз қола жүлдені қанағат тұттық.

Ал, Сәкен Бибосыновтың жайы мүлдем бөлек. Рас, алғашқы айналымда британдық Галал Явай басымдық көрсетіп, біздің жігітті нокдаунға жіберген. Бірақ, Сәкен осы соққыдан соң бірден есін жинап алды. Қалған екі раундта британдық қарсыласын аямай төпеп, айқын жеңіске жеткендей көрінген. Алайда, төрешілердің ойы басқаша болып шықты. Соңғы сәтте Сәкеннің емес Галалдың қолы көтеріліп, финалдық кезеңге өтті. Бұл хабарға біз ғана емес, британдық боксшының өзі де аң-таң. Жекпе жекті қайталап көрсеңіз, бірден байқайсыз. Әділетсіз шешім болды. Қарсы келетін қауқар жоқ. Жарыс басталмай тұрып, төрешілер шешімі қайта қаралмайтыны ескертілген. «Әттеген-аймен» шектелеміз. Болды.

Хош, сонымен Олимпиададағы бокс бәсекесі аяқталды. Қазақ боксы сонау Атланта Олимпиадасынан бергі 25 жылда алғаш рет алтынсыз қалды. Алтын дейміз-ау, биыл күмістің өзі арман болып қалған жоқ па?!

ТАРИХИ ЖЕҢІС – ТҰҢҒЫШ ЖҮЛДЕ

Биылғы Олимпиада ойындары бағдарламасына каратэ спорты енгізілген болатын. Бұл сайыста ел намысын Дархан Асәділов қорғады. Ол іріктеу сынында үш қарсыласын қатарынан жеңіп, бірден жартылай финалға өткен еді. Осы қарқынынан танбаса, кем дегенде күміс аламыз деген үміт басым болды. Алайда, біздің дегеніміз бұл жолы да болмады. Ол франциялық Стивен да Костадан 5:2 есебімен жеңіліп, ел қоржынына каратэден алғашқы жүлде – қола медальды салды.

Қола деп қомсынсақ та, бұл осы спорт түрінен алған тұңғыш медаль ретінде тарихта қалары сөзсіз.

СӘТТІЛІК СЕРІК БОЛМАҒАН ЖЫЛ

Иә, биылғы додада ел сенім артып жіберген спортшыларымыз бірінен соң бірі сүрінді. Жүлде алады деген азаматтарымыз іріктеу сынынан аса алмай, жарысқа түспей, кері шегінді. Одан аман өткендерінің өзі жартылай финалдық кезеңнен өте алмады. Десек те, қоржынымыз бос емес. Дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло, боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов, балуан Нұрислам Санаев және каратэші Дархан Асәділовтің қоласы бар.

Әрине, күткеніміз мүлдем басқа нәтиже еді. Әзірге осыны қанағат тұтып, Күншығыс еліне елеңдеп отырмыз. Бәлкім, соңғы минуттарда ақжолтай хабар жетіп, спортшылар қоржынға алтын салып қалар.

Нұрлыхан Қалқаманұлы