Көшелер самаладай жарқырады
Шеңбер ауылдық округінің орталығы Қорғасын ауылындағы Ұлытау, Сарыарқа және Орталық көшелерінің бойы түн мерзімінде көрген көз қуанарлықтай рең-келбетке ие болды. Жағымды жаңалықты ауыл әкімі Сағат СҰЛТАНОВ сүйіншіледі.
– Жергілікті тұрғындардың көңілін көркейткен тындырымды іс аудандық бюджеттен мақсатты негізде қарастырылған қаражат есебінен жүзеге асырылды, – деді Сағат Нүриденұлы. – Соның аясында апатты жағдайдағы электр бағандары тыңнан қазылған ұңғымаларға орнатылды. Ескірген ток сымдары толықтай кабельдік желіге ауыстырылды. Жалпы саны 50 дана көше шамы жаңғыртылып, ескі үлгідегілердің орнына жаңа типтегі, заманауи жарық көздері қойылды.
Өз тілшімізден.