Қарияларға сертификат тапсырды
Ұлытау ауданында індетке қарсы өзеріктерімен екпе алушылар қатары күн санап артып келеді. Аудан әкімінің ұйғарымына сәйкес, вакцина алған тұрғындардың белгілі бір санаттарына «Коронавирусты бірге жеңеміз!» акциясы аясында қаржы сертификатын беру үрдісі жолға қойылған. Жуырда аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ өз қалаулары бойынша «Спутник-V» вакцинасын салдырған еңбек ардагерлері Есенғали ӘБЖАМАЛОВ, Қуаныш БЕКІЛДЕКОВ және Жаңбыр ЖАҢАБАЕВҚА аудандық емханаға арнайы келіп, 5 000 теңгенің сертификатын тапсырды.
Советбек Тұрсынұлы ақсақалдарға өзін де, өзгелерді де қатерлі дертті жұқтырудан сақтандыру мақсатындағы белсенді ұстанымдары үшін шынайы алғыс сезімін білдірді. Қариялардың осынау әрекеті кейінгі буынға үлгі боларын атап өтті.
– Екпе алу арқылы адам жұқпалы аурулардың таралмауына себепкер болады. Өз отбасы мен қоғам мүшелерін, әсіресе, иммундық жүйесі әлсіреген жандар мен өзіміз сияқты қарт адамдарды қорғайды. Осы уақытқа дейін әлем бойынша жүргізілген жоспарлы вакцинация миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалды. Мұның бәрі сөзсіз екпенің пайдасы деп білемін. Барлық дәрігерлер қауымына алғысымды айтамын. Аудан тұрғындарын әлеуметтік желідегі жел сөздердің жетегіне ермей, жеделдетіп екпе алуға шақырамын, – деді вакцина салдырып, сертификат иегері атанған Қуаныш ақсақал.
P.S. Қарағанды облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 10 шілдедегі №23-Қ қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы №25 қаулысына сәйкес, облыс бойынша карантиндік режим қайта күшейтілді. Осы ретте, аудан аумағында да карантиндік шектеу шараларының қатаң сақталуымен сол мақсатта мобильді топтардың рейд жүргізуі пәрменді сипатты иеленуде.
Жасұлан АЯШЕВ