Қарағанды облысында үш ауысымды оқыту мәселесі шешілуде
Қарағанды облысында оқушыларды оқыту және педагогтардың жұмысы үшін қажетті жағдайлар жасау үшін шаралар қабылдануда. Өңірде үш ауысымның мәселесін оқу орындарының құрылысы шешеді. Биыл облыста барлығы 20-дан астам әлеуметтік маңызы бар нысан салу жоспарлануда.
Осылайша, қазірдің өзінде 1 300-ден астам бала оқитын төрт мектептің құрылысы басталды. Қарағандыда және Жаңаарқа ауданында екі білім нысаны пайда болады. Облыс орталығында, Майқұдық 11а шағын ауданында оқу орны 600 орынға, ал Жаңаарқа кентінің мектебі 464 орынға есептелген.
«Үшінші нысан Шет ауданының Киікті ауылында салынады. Ол 150 орындық. Жезқазғандағы Теректі станциясында 80 орындық тағы бір ғимарат салынуда. Сонымен қатар, Сәтбаев пен Жезқазғанда әрқайсысы 320 орындық екі балабақша салынуда. Бұл Жезқазған өңіріндегі 640 баланы мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы.
Қарағандыда қыздарға арналған «Білім-инновация» лицейінің ғимаратына екі қабатты қосымша құрылыс салынады.
Денсаулық сақтау саласында да бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.
«Майқұдық пен Сұрыптауда үш жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясының құрылысы жүріп жатыр. Қарағандыда 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Позитронды-эмиссиялық компьютерлік томография орталығы, №1 көпбейінді аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалық бөлімше және облыстық онкодиспансердің операциялық-реанимациялық блогы салынуда. Сондай-ақ, Нұра ауданының Кертінді ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жүріп жатыр», – деп толықтырды Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы.
Дереккөз – Қарағанды облысының әкімдігі