БАС МҮФТИ ҮНДЕУ ЖАРИЯЛАДЫ

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерге үндеу жасады. Ол өз үндеуінде Құрбан айтта орындалатын негізгі ізгі амалдың бірі – құрбан шалу екенін, сол себепті айт күндері халық тарапынан мал сатып алуға сұраныс артатынын айта келіп кәсіпкерлерді азық-түлік пен мал бағасын шарықтатпай, халықтың қалтасы көтеретін бағамен сатуға шақырды.

«Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Сонымен қатар, барша кәсіпкерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін»,- деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Ол Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру екенін айтты.

Жаратушы Иеміз Құранда: «Өздерің жақсы көрген нәрсені Алла жолына жұмсамайынша игілікке жетпейсіңдер» («Әл-Имран» сүресі, 92-аят) деп баяндаған. Сауаптар еселеніп жазылатын сәттерде Алла разылығы үшін елдің жағдайын ескеріп, тауар бағаларына жеңілдік жасап, әр отбасыға қуаныш пен мерекелік көңіл күй сыйлауға тырысайық,- деді бас мүфти үндеуінде.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ