«Алтын сұңқар» сыйлығы – Ұлытаудың еншісінде

Қарағандыда аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен облыс әкімінің бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасындағы «Алтын сұңқар» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Ұлытау аудандық «Ұлытау» газетінің бас редакторы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ аталмыш сыйлықтың «Ауыл тақырыбын үздік жариялау» номинациясы бойынша лауреат атанды.

Ахат Құрмансейітұлы еңбек жолын Ұлытау ауданында бастаған. Ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте – аудан және қала әкімдерінің орынбасары деңгейіне дейінгі басшылық лауазымдарда болды. Алайда, қарымды журналист, ақын, аудармашы ретінде қасиетті қаламнан бір сәт қол үзбей, үнемі ойлы оқырман талғамынан шыға білді.

Ол журналистік жолын Жезқазған қалалық «Сарыарқа» газетінде бастаған. Кейін облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары және Жаңаарқа, Ұлытау аудандары бойынша меншікті тілшісі, бас редактордың орынбасары лауазымдарында абыройлы қызмет атқарды. 2020 жылдың тамыз айынан – «Ұлытау аудандық «Ұлытау» газетінің редакциясы» ЖШС директоры– бас редактор. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі.

 

Тәжірибесі мол, білікті маманның тізгін ұстауымен «Ұлытау» газеті қайта түлеп, жаңғыртылған мазмұнда жарық көре бастағанын айта кеткен жөн. Оның бастамасы және тікелей ұйытқы болуы негізінде ашылған ulytaynews.kz интернет порталы бүгінгі таңда танымалдыққа ие.

Аудандық газеттегі айтулы өзгерістер облыс басшыларының да назарынан тыс қалмады. Журналистер мерекесі қарсаңындағы жағымды жаңалық – соның айғағы, еселі еңбектің жемісі.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ