Мемлекеттік қызмет – халықтың мүддесіне адал еңбек

Мемлекеттік қызмет… Былайша қарапайым болып көрінетін сөздің жауапкершілігі мен атқаратын қызметі өте қомақты болып келеді. «Халықтың қарғысын алма, алғысын ал» деген сөз бар қазақта. Мемлекеттік қызметтің басты қағидасы халыққа адал қызмет көрсету болып табылады. Аталмыш салада қызмет етіп жүрген әрбір тұлға еліміздің мүддесі үшін адал еңбектің маңыздылығын ескеріп, сезінуі қажет. Сол сияқты, мемлекеттік қызметкер өз елінің ұлтжанды, жанашыр азаматы болғаны маңызды. Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметті ұйымдастыру мен атқару барысында заңдылық, патриотизм, мемлекеттік қызмет жүйесінің бір тұтастығы, азаматтар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерінің мемлекет мүдделері алдындағы басымдылығы жоғары болуы шарт. Дәл осы сәтте аталмыш жұмысқа деген жауапкершілік көрінеді. Осы орайда, мен мемлекеттік қызметкер көзімен емес, қарапайым халық көзімен талдасам, дәлірек айтқанда, мысал келтіре кетсем…

Елімізде мемлекеттік қызметті атқарушылар қай салада болмасын жауапкершілігі мол, тұлғасы кемелденген мамандер екендігін білеміз. Үнемі тиянақты еңбек пен ыждағаттылықтың бейнесін танытатын мамандар өз ісінің көркем үлгісін танытатындай деп айтсам артық емес.

Бізде Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдары және мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрыстарының қалыптары регламенттелген мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі бар. Істің басы-қасында жүрген әрбір тұлға сондағы талаптарды ұстанса, еліміздің іргесі биік болады. Мемлекеттік қызметшіге қойылар талап қатаң, оған сыншы да мол. Әдепті, сабырлы да шыншыл, әрі ұлтжанды қасиеттері мол азаматтардың мемлекеттік қызметті адал атқаруы еліміздің өркендеп-өсуіне зор үлес қосады, халық арасында мемлекеттік қызметшінің беделі нығайып, оған деген халықтың сенімі артады. Әкімшілікте жұмыс жасайтындар ғана мемлекеттік қызметші деген түсінік болмауы керек…

Дәрігер, мұғалім, тіпті еден жуушы болсын, халықпен бірге жүргендіктен әрқайсымыз жұмысымызға адал болсақ, оны тұтынушы қарапайым халық бақытты. Бірақ осылардың ішінде «мемлекеттік қызметші бір саты жоғары» болулары керек. Себебі олар қоғамдық пікірді есепке алады және қоғамның басты өндіруші күші. Жұрт оларға сенім артады. Ал сол сенімді ақтау үшін, мемлекет қызметші тыңдай және сөйлей білуі қажет және ең бастысы адал болуы керек. Сонда ғана Қазақстан әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси дамуында нақты бір жетістікке жетеді. Мәртебесі артып, халқы биік белестерді бағындырады. Әрбір жетістікке жеткен жеке тұлғаның артында мықты мемлекет болатынын естен шығармасақ екен.

Данияр АБДРАХМАНОВ,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы