Балабақша жайлы пікірің қандай, ата-ана?

Қарағанды облысының білім басқармасы Colibri мобильді қосымшасының көмегімен мектепке дейінгі мекемелердің жұмысы туралы ата-аналардың пікірлерін жинай бастады. Бұл қоғамдық жоба болғандықтан оған бюджеттен қосымша қаражат бөлінбейді. Пікір қалдырғысы келген ата-аналар қосымшаны  AppStore, PlayMarket және colibri24.kz сайтынан жүктей алады. 

Қосымша балабақшалардың жұмысын тамақтану сапасынан бастап үй-жайлардың тазалығына дейін 10 критерий бойынша бағалауға мүмкіндік береді.

Мектепке дейінгі ұйымдарды бағалау Colibri-де қазірдің өзінде қолжетімді. Қосымша шілде айынан бастап пилоттық режимде жұмыс істейді. Ал 1 тамыздан бастап жоба облыстағы 533 мектепке дейінгі ұйымдардың барлығын қамтымақ. Балабақша қызметкерлері пікір қалдырушылар мен рейтингтердің авторлары туралы деректерге қол жеткізе алмайды.

«Біз балабақшаларда ашықтықты қамтамасыз ету және бәсекелестік ортаны құру жөніндегі жұмысты жалғастырудамыз. Ата-аналардың пікірлері өзге ата-аналарға  жақсы балабақшаны таңдауға көмектеседі. Біз мектепке дейінгі мекемелердің ата-аналармен байланыс орнатқанын, сондай-ақ, сапа мен қоғамдық бағалаудың ашық ақпарат екенін түсінгенін қалаймыз. Айталған сын пікірлерді жұмысты жетілдіру үшін қабылдау қажет, – деп атап өтті білім басқармасында.