Вакцина – саулық кепілі
Жер жаһанды шарпыған қауіпті індеттің бетін жұмыла жүріп қайтармасақ болмайды. Қазір ауданда жағдай – тұрақты. Десек те, қатердің алшақ кетпегені анық, оның алдын алуымыз керек. Ол үшін вакцина салдыртқан жөн. Мамандардың айтуынша, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың 60%-ы екпе алу керек екен. Бұл ретте екпені індеттің емі емес, оның алдын алуға бағытталған шара деп түсінген абзал.
Қазіргі салдырып жатқан «Спутник-V» вакцинасы ауруды жұқтырмауға, адам өмірін құтқаруға ең қажетті қауіпсіз әдіс. Бұл – вакцинаны қазақстандықтар қолданып жатыр. Нәтижесі жаман емес. 17 маусымдағы мәліметке сүйенсек, ауданда вакцинаның бірінші дозасын алған халық саны 705-ке жетті. Ал екінші компонентін 372 адам алды. Мысалы, мен вакцина алдым. Өз басым ешқандай кері әсерін байқаған жоқпын. Егу кезінде ауырсыну да болған жоқ. Жалпы, кез-келген вакцинада реакциялар байқалуы мүмкін. Дегенмен, вакцина алған ұлытаулықтардың арасында айтарлықтай оғаш жағдай тіркелген жоқ.
Айтайын дегенім, вакцина алған адамдардың бойында ең әуелі иммунитет қалыптасады. Бұл инфекцияның таралуының және эпидемияның пайда болуының алдын алады. Вакцина алу арқылы өзіңізді де, өзгелерді де қорғайсыз. Әлеуметтік желілерде «коронавируспен ауырғандардың вакцина алуы қажет емес» деген пікір де бар. Бұл – жалған ақпарат. Зерттеу нәтижелері ауырғаннан кейін пайда болған антиденелердің бірнеше айдан кейін жоғалып кететінін көрсетті. Сондықтан дерт жұқтырып жазылған адамдар жарты жыл өткен соң вакцина алуы керек. Бүгінгі «Спутник-V» вакцинасы – коронавирус инфекциясын тежеу тәсілі.
Вакциналау – қауіпсіз, ептеген қолдың ауыруы немесе дене температурасының көтерілуі сияқты уақытша жанама әсерлері болуы мүмкін. Оның ішінде, иммунитеті күшті адамдарда мұның бірі де байқалмайды. Тіпті, екпе алғанын сезбей қалуы ықтимал.
Тағы бір айта кетерлігі, коронавирусқа қарсы вакцинаның репродуктивті қызметке әсері бар деген сөз – ақылға қонымсыз. Бұған негіз болатын ешбір зерттеу жоқ. Вакцина шығарыларда егжей-тегжейлі зерттеледі. Қауіпсіз соңғы нәтижесі ғана көпшілікке тарайды. Сондықтан вакцина түрлі аурулар туғызады деу – негізсіз. Мамандар да «вакцинадан қорқудың керегі жоқ», – дейді. Керісінше, екпе алу арқылы ғана халықты ауыр дерттен құтқаруға болады.
Сондықтан қауіпті індеттің алдын алуға тұрғындар да атсалысқаны жөн. Ол үшін вакцина алғанымыз дұрыс. Себебі, вакцина – індетке өте тиімді тәсіл. Аудан тұрғындарына осыны айтқым келеді. Ең бастысы, вакциналау қауіпті індетті тежейді. Вакцина салғаннан кейін «енді сіз ешқашан ауырмайсыз» деп айта алмаймыз. Мұның бар пайдасы ағза жұмыс істеп, вакцина қарсы әрекет туғызады. Не десек те, кеселдің жолын кесер жалғыз жол – осы.
Ерлан ТАНАБАЕВ,
Ұлытау аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.