«Bir Tolqynda» ашық диалог алаңдарында жастардың ел дамуындағы рөлі талқыланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым міндеттер мен оларды жүзеге асырудағы жастардың рөлі «Әділет» партиясының Жастар қанаты ұйымдастырған «Bir Tolqynda» ашық диалог алаңдарында талқыланды.

Кездесулер еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласында бір мезгілде өтті. Диалог алаңдарына жастар, саясаттанушылар, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, спортшылар мен жастар көшбасшылары қатысты.

Талқылау барысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, кәсіпкерлікті қолдау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелері көтерілді. Сонымен қатар патриотизмді нығайту, қоғамдық келісімді сақтау және жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуының маңыздылығы сөз болды.
Қостанай қаласында өткен кездесуде Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұрбек Әбдібеков жастардың ел дамуындағы орнына тоқталып, азаматтық жауапкершілік, патриотизм және заңға құрмет қоғам тұрақтылығының маңызды негіздері екенін атап өтті.

Өз кезегінде «Әділет» партиясы Жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитов «Bir Tolqynda» алаңдарының негізгі мақсаты жастармен ашық диалог орнатып, олардың ұсыныстары мен бастамаларын тыңдау екенін жеткізді. Оның айтуынша, жастар елдегі өзгерістердің белсенді қатысушысы болып, мемлекет дамуына өз үлесін қосуы қажет.

«Bir Tolqynda» ашық диалог алаңдары жастардың өзекті мәселелерін талқылауға, азаматтық бастамаларын қолдауға және ел болашағына қатысты ортақ шешімдер іздеуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта «Әділет» партиясының Жастар қанаты өңірлерде кездесулер мен пікірталастар ұйымдастыруды жалғастырып, жастардың ұсыныстарын талқылауға және олардың бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстарды жүргізуді жоспарлап отыр.
