«KARAGANDA OPEN» турнирінде топ жарды
Ұлытау аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің таеквондо WT спорт түрінен тәрбиеленушілері кезекті жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, аудан спортының абыройын тағы бір мәрте асқақтатты.

Қарағанды қаласында Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне арналған XXI «KARAGANDA OPEN» республикалық ашық турнирі жоғары деңгейде өтті. Дәстүрлі додаға еліміздің әр өңірінен жас спортшылар қатысып, таеквондо WT спорт түрінен шеберліктерін ортаға салды.
Тартысты бәсекеде Ұлытау ауданының намысын қорғаған жас спортшылар да жақсы нәтиже көрсетті. Әсіресе спорт мектебінің тәрбиеленушілері Каусар Жетпіс пен Эленора Крюкова өз салмақ дәрежелерінде қарсыластарынан басым түсіп, жарыстың жеңімпазы атанды. Нақтырақ айтар болсақ, Каусар 38 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жүлделі І орынға ие болды. Ал Эленора 24 келі салмақта сынға түсіп, қарсыластарын жеңіп, І орынның иегері атанды. Осылайша Ұлытаудың жас таеквондошылары аудан қоржынына бір емес, бірден екі алтын медаль салды.
Жас спортшылардың бұл жетістігі – жүйелі жаттығу мен қажырлы еңбектің нәтижесі. Спортта жеңіс бір күнде келмейтіні белгілі. Күнделікті жаттығу, тәртіп, табандылық пен жарыс тәжірибесі спортшының шеберлігін шыңдай түседі. Ал бұл ретте спортшының жетістігімен қатар, оның бапкерінің еңбегі де ерекше атап өтуге тұрарлық. Жас таеквондошыларды жарысқа дайындап, олардың спорттық шеберлігін жетілдіруге жетекшілік етіп жүрген жаттықтырушы – Абилов Қайрат Жетпісұлы. Бапкердің шәкірттері республикалық деңгейдегі бәсекелерде жүлделі орындардан көрініп, Ұлытау спорт мектебінің әлеуетін танытып келеді.
Қос спортшы бұл жеңістерін Қазақстан таеквондо спортының жаңа белестерін бағындырып жүрген өз ағаларына арнады. Әсіресе, Азия ойындарында Қазақстан қоржынына таеквдо спортынан алтын медаль әкелген Тамерлан Тілеулеске жас спортшылардың құрметі ерекше.
Үлкен спорттағы аға буын өкілдерінің жетістігі – жас спортшылар үшін үлкен мотивация. Ел намысын халықаралық ареналарда қорғап жүрген спортшылардың жолы кейінгі буынға үлгі болып, олардың биік мақсаттарға ұмтылуына серпін береді.
Бүгінде Ұлытау ауданында балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және спорттық шеберлігін арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Осындай жарыстарға қатысу жас спортшылардың тәжірибесін арттырып қана қоймай, олардың жеңіске деген жігерін шыңдайды. Каусар мен Эленораның «KARAGANDA OPEN» турниріндегі жеңісі – Ұлытау спортында жас буынның қалыптасып келе жатқанын көрсететін нәтижелердің бірі. Екі жас чемпионның алдағы уақытта да республикалық және халықаралық додаларда топ жарып, көк байрақты биікте желбіретеріне сенім мол.
«Еңбек бар жерде – нәтиже бар» деген сөздің мәнін дәлелдеген бұл жеңіс – спортшылардың, бапкердің және қолдау көрсеткен жандардың ортақ еңбегінің жемісі. Жас чемпиондарға алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз! Ұлытаудың намысын абыроймен қорғап, ел спортының көкжиегін кеңейте беріңіздер!
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.
