Нұрбала Жәпенұлы БАЙЗАҚОВ

Ұлытаудың ұлағатты ұлдарының бірі, ішкі істер органының ардагері, отставкадағы полиция полковнигі, Ұлытау-Жезқазған өңірінде қоғамдық тәртіптің нығаюына сүбелі үлес қосқан тұлға Нұрбала Байзақов фәни-жалғаннан бақи-дүниеге мезгілсіз аттанды.

Нұрбала Жәпенұлы 1954 жылы 17 сәуірде Қарағанды облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай кентінде қызметшілер отбасында туған.

Білімі – жоғары, 1979 жылы Алматы қаласындағы милиция қызметкерлерін даярлайтын орта мектепті, 1989 жылы КСРО Ішкі істер министрлігіне қарасты Қарағанды жоғары милиция мектебін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1974 жылы Жезді аудандық милиция бөлімі мемлекеттік автоинспекциясының жол қадағалау инспекторы қызметінен бастаған.

1977-1981 жылдары – Жезді кентінде милицияның учаскелік өкілетті өкілі.

1981-1987 жылдары – Жезді ауданы, Қарсақбай поселкелік милиция бөлімшесінің бастығы.

1987-1991 жылдары – Жезді аудандық ішкі істер бөлімі бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары, кейін бастықтың жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары.

1991-1995 жылдары – Жезді аудандық ішкі істер істер бөлімінің бастығы.

1995-1996 жылдары – Сәтбаев қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары.

1996-1997 жылдары – Жезқазған облыстық ішкі істер басқармасы есірткі мен қатты әсер ететін психотропты заттардың таралуына бақылау жасау жөніндегі бөлімінің бастығы.

1997 жылдың мамыр айынан бастап, ішкі істер органдарындағы еңбек өтіліне сәйкес, отставкаға шыққан.

Саналы ғұмырында полиция қызметкерлерінің бірнеше буынының тағылымы мол тәлімгері бола білген Нұрбала Байзақов отставкада жүрсе де, белсенді еңбектен қол үзбеді. Қашанда қоғамдық еңбектің бел ортасынан табылды.

Адами ұстанымдары мен іскерлік қабілетінің арқасында қызмет ортасында ғана емес, жалпы қоғамда қадірі артқан азамат «Мінсіз қызметі үшін» медалінің үш дәрежесімен де марапатталған, сондай-ақ, «Еңбек ардагері» медалінің иегері.

Нұрбала Жәпенұлы өз отбасында елжандылық ұстанымы мығым, қабілеті қарымды ұлт ұландарын тәрбиелеп өсірді. Әке жолын қуған үлкен ұлы – Еркебұлан Байзақов қазіргі таңда Ұлытау аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі.

Ел мен қоғам мүддесін өз мүддесінен жоғары қойып, адами қалып пен азаматтықтың жарқын үлгісін танытқан асыл азаматтың бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.

С.Медебаев, А.Мырзабеков, М.Оспанов, Б.Байжантаев, С.Сағатов, Қ.Тәттекенов, Ж.Садықов, Ә.Жандарбеков, Ш.Үмбетов, Қ.Бекілдеков, С.Бектемісов, Е.Әбжамалов.