Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің тұғыры, ұлттың рухани тірегі және ел бірлігінің басты негізі. Қазақ тілі – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын бүгінгі ұрпаққа жеткізген баға жетпес мұра.

Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы. Бүгінде мемлекеттік тілді дамыту, оның қолданыс аясын кеңейту – мемлекетіміздің маңызды бағыттарының бірі. Бұл ретте әрбір азаматтың, әсіресе мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі ерекше. Мен мемлекеттік сот орындаушысы ретінде күнделікті қызметімде азаматтармен тікелей жұмыс жасаймын. Атқарушылық іс жүргізу саласында мемлекеттік тілдің талапқа сай әрі сауатты қолданылуы – қызмет сапасының маңызды көрсеткіші. Өйткені азаматтардың мемлекеттік тілде ақпарат алуға, өтініш жасауға және мемлекеттік органдардан жауап алуға толық құқығы бар. Мемлекеттік қызметші үшін қазақ тілін меңгеру – тек қызметтік міндет емес, бұл – елге, халыққа және мемлекеттік құндылықтарға деген құрметтің көрінісі. Әрбір ресми құжаттың сауатты рәсімделуі, азаматтарға түсінікті әрі сапалы ақпараттың мемлекеттік тілде ұсынылуы – халық пен мемлекеттік орган арасындағы сенімді нығайтады. Қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі ғана емес, Қазақстан халқын ортақ мақсатқа біріктіретін мемлекеттік тіл. Тілді құрметтеу арқылы біз еліміздің бірлігін, татулығын және өзара сыйластығын нығайтамыз. Мемлекеттік тілдің болашағы – оны күнделікті өмірде қолдануымызға байланысты. Әрбір азамат өз ісімен, өз сөзімен және өз қызметімен ана тіліміздің мәртебесін көтеруге үлес қоса алады. Қорыта айтқанда, мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі, тәуелсіздігіміздің тірегі және ұлттық рухымыздың айнасы. Тілімізді құрметтеу, дамыту және оның қолданыс аясын кеңейту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Тілімізді құрметтеу – елді құрметтеу. Мемлекеттік тілдің мәртебесі биік болса, еліміздің бірлігі де бекем, болашағы да жарқын болады!

Жанел МҰҚАНҒАЛИЕВА,
мемлекеттік сот орындаушысы.