Шаруасы келісті қожалық

Ауыл тіршілігі қашанда қарбаласқа толы, бір-бірімен жалғасып жатқан науқандық жұмыстары көп. Әсіресе, мал шаруашылығы адамның табандылығы мен еңбекқорлығын қажет ететін сала. Шаруашылықтың аса ауыр жұмысына жігіттің жігіті ғана шыдайды. «Мал баққанға бітеді» демекші, мал өсірудің қисапсыз қиындығын жеңе білген адам ғана табыстың тайқазанын қайната алады. Бірақ адал іс пен төгілген тер түбі жемісін береді. Еңбек адамын өз ортасында сыйлы етеді. Қай қоғамда болсын, қай заманда болсын – еңбек адамының беделі жоғары. Сондай еңбек адамы «Бекіш ата» шаруа қожалығының жетекшісі Қайрат ОРАЗБЕКОВ.

Мақалаға арқау болған кейіпкеріміздің өмірдастаны Ұлытау ауылынан тамыр тартады. 1960 жылы туған. 1977 жылы №1 Ұлытау орта мектебін бітіріп, Кеңес армиясының қатарында болған. Әскери борышын өтеген соң, туған жерін көркейтуге, әлеуметтік-экономиканың дамуын өркендету мақсатында ауылға келіп, еңбек етеді. Шоферлік курсты тәмамдап, көлік жүргізушісі болды. Бірақ, өмір бір орнында тұрған ба?! Кеңес үкіметі тарих қойнауына кетіп, егемендік алған шақта Қайраттың әкесі Бекіш шаруа қожалығын құрды. Сол кезеңдерде елімізге келіп жеткен нарық заманының талабына сай Ұлытау ауылына қарасты «Қызылдау» жерінде шаруа қожалығының негізін қалағандардың бірі – Қайраттың әкесі Бекіш еді. Уақыт өте келе әкесі дүниеден озғаннан кейін бауырлары ақылдаса келіп, «Бекіш ата» шаруа қожалығын Қайратқа тапсырды. Бүгінгі күні қожалықта үш үйір жылқы, ірі қара малдары бар. 2015 жылдан бері осы түліктердің бабы Қайрат Бекішұлының мойнында. Қазір шаруа қожалығының басшысы өзі. Мал азығын дайындауға да өзі кіріседі. Оған қажетті ауыл шаруашылық техникалары сақадай-сай. МТЗ -80 тракторы, «ГАЗ-53» машинасы шөп шабуға қажетті құрылғылары жеткілікті. Қысқа қамданыс жасап жатыр. Былтырдан қалған шөбі, биыл шабылған 30 тонна шөбі және бар. Шаруа қожалығының негізгі бағыты мал шаруашылығы болғандықтан, негізгі табыс көзі, әзірге жылқы еті. Оның өзіне сұраныс қысқы соғым кезінде ғана. Сондықтан алдағы уақытта Қайрат Бекішұлы жеңілдетілген несие, субсидия алып, қой малын көбейтуге мықтап бел буып отыр. Қайрат үшін еңбектің түпкі мақсаты – жеке пайда емес. Ол үшін ең маңыздысы табиғи, таза өнімді көбейтіп, өңірді сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз ету, ауылдың дамуына ат салысу. «Келешекте қой шаруашылығын дамытып жатсам, елге тигізген пайдам осы емес пе?!» дейді ол. Жалпы кейіпкеріміздің әңгімесінен көп нәрсені аңғардық. Сөзге сараң болғанымен, іске мығым азамат екен. Мал қора мен үй айналасы тап-таза мұнтаздай. Электр шамы жанып тұр. Телефон байланысы да бар. Барлық жағдай жасалған. Қолы сәл қалт еткенде, Қақаң теледидар алдына жайғасады. Елдегі бар жаңалықты сол істің басы-қасында жүргендей біліп тұр. Көзі қарақты азамат екені де байқалады. Дегенмен, қыстың боранды, аязды күндерінде де, жаздың аптаған ыстығында да шаруашылықтың бел ортасында жүрген азамат қой. Шаруаның ыңғайын біліп тұр. Білгендігінің арқасында шаруашылығында ілгерілетіп алыпты. Еңбек ете жүріп, маңдай термен келер табыстың ащы да, тәтті де дәмін татқан азамат қой. Өте еңбекқор. Оның бойынан қайырымдылық, адамгершілік сияқты ерге тән асыл қасиеттерді аңғару қиын емес. Өйткені, бозбала шағынан басталған еңбек жолдары оны жігерлі азамат болып жетілуіне ықпал еткені білініп-ақ тұр. Отау құрғанына да 35 жыл болыпты. Өмірлік серігі Маржанкүл Сейітмағанбетова екеуі қызық пен қуанышты, қиындықты бастарынан бірге өткерді. Ауылда өскен ауыл тірлігін жақсы білетін Маржанкүл отбасында да ата-енесіне қалтқысыз қызмет етіп, тілін таба білді, бар жағдайларын жасап отырды. Табиғатынан еңбекқор ол сырттағы шаруаларды да ерімен бірдей атқарды. Күйбең тірлігі күнбе-күн жалғасып жататын шаруашылықта ерінің табысын ұқсатып, шаңырақтың берекесін келтіре білді. Кәзірде ол жаз мезгілінде еңбек демалысына шыққан кезде үнемі шаруа қожалығында болады. Әр уақытта отағасының қолдаушысы, көмекшісі болып, үйдің берекесін келтіріп отырады. Отағасы Қайрат мал соңында жүргенде, үй шаруасын дөңгелетіп, сиырын сауып, қаймағы мен құрт-майын айырып, бие байлап, қымызын дайындап, шаңырақтың шырайын кіргізіп отыратын осы – Маржанкүл. Міне, осылай мал бағудың бейнеті мен зейнетін қатар көріп, күрмеуі мол тірліктің кедергілерінен сүрінбей өткен Қайрат Бекішұлы тек – азаматқа тән табандылық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп келеді. Ол еңбек сүйгіштігінің арқасында шаруашылығын жақсы жолға қоя білді. Әкесі аманат еткен шаруа қожалығының жұмысын дамытып, ірілендіруге үлес қосты. Бүгінгі күні Қайрат Бекішұлы бір әулеттің атасы, зейнеткер. Ауыл халқы алдында сыйлы. Ол туралы жақсы сөз, оң пікір жиі айтылады. Мінезі де біртоға, ақкөңіл жандардың қатарында. Пейілі кең, қолы ашық, ел ағасы. «Зейнеткермін» деп қол қусырып отырған жоқ. Қимылы әлі ширақ. Бір өзі бірнеше шаруаны тындырады. Бесаспап. Қолынан келмейтін ісі жоқ. Істің ыңғайын таба білетін адам. Онысы атқарған ісінен көрініп тұр. Сонысымен кейінгі буынға үлгі боларлықтай тұлға. Оның шаруа қожалығы Ұлытау ауылынан 15 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Қаракеңгір ауылына барар жолдың бойында. Ол жердің көне атауы «Қызылдау» деп аталады. Жері малға жайлы, шөбі шүйгін. Бірақ биыл жауын-шашын мөлшері аз болғандықтан шөптің шығымы аз. Қожалық иелігінде 790 гектардай жайылым, 57 гектар шабындық жер бар. Бір кездері әкесінің ақыл-кеңесін тыңдап өскен Қайрат бүгінгі күні кейінгі буынға жол көрсетіп, шаруа қожалығын шалқытып отыр. Зайыбы Маржанкүл екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан бес немере сүйіп отырған жандар. Барға шүкіршілік етіп, өмір сүріп жатқан жайы бар. Осы күні сонау тоқсаныншы жылдары әкесі салған сара жолды Қақаң жалғастырып, кәсіпті нәсіп етіп, табыстың тайқазанын тасытып отыр. Ырзығын қарапайым еңбектен тапқан Қайрат Бекішұлының өмірі көпке үлгі десек, артық айтқандық болмас.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.