Ұлытау облысының әкімі Қарттар күніне орай Жезқазғандағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғындарын құттықтады

Қарттар күніне орай Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Жезқазған қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болып, мекеме тұрғындарын мерекемен құттықтады.

Облыс әкімі қарияларға ізгі тілегін білдіріп, олардың елдің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі мен кейінгі буынға көрсетіп отырған өнегесінің маңызын атап өтті.

«Қарияларымыз – елдің ақылшысы, отбасының берекесі, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін қазынамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, олардың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше мән беріп келеді. Біз де өңірімізде қарттарға қолайлы жағдай жасауға және олардың белсенді өмір сүруіне мүмкіндік беруге баса назар аударамыз», – деді Есет Байкен.

Кездесу барысында облыс әкімі орталық тұрғындарына Мемлекет басшысының таңдаулы сөздері жинақталған «Әділетті қоғамға шыншыл сөз» кітабын табыстады.

Қазіргі таңда Жезқазған қаласындағы аумағы 5 мың шаршы метрден асатын арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 206 егде жастағы азамат тұрады. Мұнда қарияларға әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық және басқа да қажетті қызметтер көрсетіледі.

Есет Байкен орталықтағы жағдаймен танысып, алдағы уақытта ғимаратта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұл жұмыстар мекеме тұрғындары үшін қолайлы жағдайды одан әрі жақсартуға бағытталмақ.

Сонымен қатар облыс әкімі келесі жылдан бастап Ұлытау облысында алғаш рет Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашыла бастайтынын жеткізді. Жаңа орталықтар аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді өткізуіне, қоғамдық өмірге белсенді араласуына және өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.