Жағдай тұрақты. Десек те…
Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының мәліметіне қарағанда, соңғы аптада аудан бойынша індет жұқтырғандар тіркелмеген. Мамандар Ұлытау өңірінде жағдай тұрақты екенін, алайда, қауіптің әлі сейілмегенін айтады.
– Аудан қазір «жасыл» аймақта. Соңғы тәуліктерде індетке шалдыққандар болған жоқ. Десек те, тұрғындарға әлі де қауіптің сейілмегенін айтқымыз келеді. Сондықтан, баршаңызды бетперде тағуға, қолды жиі жуып, антисептиктерді пайдалануға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырамыз. Отбасылық мерекелік шаралар мен кең сипатты іс-шаралар өткізу де шектеулі екенін еске саламыз, – деді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Танабаев.
Орайы келгенде айта кетейік, пандемия басталғалы ауданда КВИмен жалпы саны 98 адам ауырған, оның үшеуі осы кеселден қайтыс болған. Қазіргі таңда Жезқазған қаласындағы модульдік орталықта 5 адам ем алып жатыр. Ал үй карантиніне 2 адам алынған. Оларға медициналық бақылау жүргізілуде.
Вакцинациялауға келсек, бүгінгі күнге дейін 595 адам «Спутник V» екпесінің бірінші компонентін алды. Өткен апталарда арнайы бригада Қаракеңгір, Егінді, Алғабас ауылдарын аралап, еріктілерді егіп қайтты.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ