Жасыл желек – жанға сая
«Атадан мал емес, тал қалсын» деген халық даналығын басшылыққа алған Жамбыл Жабаев атындағы №15 тірек мектебінде «Жасыл желек» акциясы ұйымдастырылды. Акция барысында мектеп ғимаратының айналасы мен ауласында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Жас көшеттер отырғызылып, гүл егілді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында да ұйымдастырылып отырған ізгі ниетті шараға мектеп басшылығы, мұғалімдер, көмекші қызметкерлер мен оқушылар ұйымшылдықпен атсалысты.
Мектеп ұжымы ұйытқы болған «Жасыл желек» акциясы жас буынды еңбекке, тазалыққа баулып қана қоймай, кентіміздің экологиясын жақсартуға да ықпал етері сөзсіз. «Ағаш ек, гүл ек – туған жерді түлет» ұстанымындағы мұғалімдер мен оқушылар өз жауапкершіліктеріне алған жұмысты белсенділікпен, көтеріңкі көңіл-күймен, сапалы атқарып шықты. Енді егілген гүлдер мен отырғызылған ағаштардың күтіміне де көңіл бөлуді мақсат тұтып отыр.
Әйгерім ҚАМБАРОВА,
мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
ҚАРСАҚБАЙ кенті.