Қаржылық пирамидалардан сақтану – қаржылық қауіпсіздіктің кепілі

Қазіргі таңда қаржылық пирамидалар азаматтардың қаражатын заңсыз иемденудің кең таралған тәсілдерінің бірі болып отыр. Мұндай ұйымдар көбіне қысқа мерзімде жоғары табыс табуды, салынған қаражатты бірнеше есе көбейтуді немесе жаңа қатысушыларды тартқаны үшін сыйақы беруді ұсынады.

Қаржылық пирамиданың негізгі белгілеріне нарық деңгейінен тым жоғары табысқа кепілдік беру, бастапқы жарна талап ету, жаңа адамдарды міндетті түрде тарту, компания қызметінің ашық болмауы және тиісті лицензияның жоқтығы жатады. Сондықтан кез келген инвестициялық ұсынысқа ақша салмас бұрын ұйым туралы ақпаратты және оның заңды қызмет атқаруға құқығын мұқият тексеру қажет.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Сонымен қатар қаржылық пирамиданы жарнамалау да заңмен жауапкершілікке тартылатын әрекет болып табылады.

Азаматтар әлеуметтік желілердегі «тез әрі тәуекелсіз табыс», «кепілдендірілген пайда» сияқты күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарауы керек. Жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін және ақшаны тексерілмеген тұлғаларға беруге болмайды.

«Заң мен Тәртіп» қағидаты – әр азаматтың құқықтық және қаржылық сауаттылығынан басталады. Қаржылық қауіпсіздікті сақтау үшін күмәнді жобалардан аулақ болып, кез келген қаржылық шешімді саналы әрі жауапкершілікпен қабылдау маңызды.