Өзекті мәселелер – ортақ талқыда

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Жаңаарқа ауданында көшпелі жиын өткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қолға алынған жобалардың іске асырылу барысын талқылады. Жиында бірқатар өзекті мәселелер көтеріліп, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.

Облыс әкімі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аудан аумағында тиісті деңгейде жүзеге асырылмай отырғанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Өңір басшысы Жаңаарқаның тарихи маңызы зор екенін айта келе, ауданның келбеті оның ел тарихындағы орны мен мәртебесіне сай болуы керектігін атап өтті. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» тек көшет отырғызу немесе сенбілікке тұрғындарды көптеп тартумен шектелмеуі тиіс екенін, абаттандыру, тазалықты сақтау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау күнделікті жұмысқа айналуы қажет екенін айтты.

Есет Байкен Жаңаарқада жүзеге асырылуы тиіс жобалардың барлығы бойынша нақты шешімдер бар екенін атап өтті. Ендігі міндет – жұмыстарды жүйелі әрі жедел жүргізіп, олардың сапасы мен орындалуын тұрақты бақылауда ұстау. Бұл аудан тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кездесуде білім беру саласына да ерекше назар аударылды. Облыс әкімі Қызылжар ауылында жаңа мектеп салу қажеттігін атап өтіп, Жаңаарқа ауданында Оқушылар сарайын салу жобасын жеделдетіп, жұмысты бастау жөнінде тапсырма берді.

Өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласының әлеуетіне де тоқталды. Ауданда суармалы егіншілікті дамыту, инвесторларға жер учаскелерін ұсыну және мал азығын өндіру көлемін арттыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар шаруа қожалықтарына мал басын бірдейлендіру және тиісті есепке қою жұмыстарын толық аяқтауды тапсырды.

Жиын соңында облыс әкімі барлық тиімді бастамаларға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ол көрсетілген қолдауға нақты нәтижемен жауап беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды бірлесе және жүйелі түрде жүргізуге шақырды.