Аймақ тынысы – билік назарында
Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Сәтбаев қаласында кезекті көшпелі жиын өткізіп, онда қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді қарады. Өңір басшысы жоспарланған жобаларды сапалы әрі уақтылы іске асыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Атап айтқанда, Есет Байкен индустриялық аймақты дамыту аясында кәсіпкерлерге жер учаскелерін беру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ инвесторларға жобаларын жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтіп, «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеуді ұйымдастыруды және әкімшілік кедергілерге жол бермеуді тапсырды. Бұдан бөлек, өңір басшысы газдандыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Жиын барысында Жезқазған мен Сәтбаев арасындағы аумақта жаңа полигон салу мәселесі қаралды. Облыс әкімі аталған жобаны іске асыруға инвесторларды тарту мүмкіндіктерін жан-жақты пысықтау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ескі әрі қураған ағаштардың орнына жас көшеттер отырғызып, көгалдандыру жұмыстарына ерекше назар аударуды тапсырды.

Жастарды өңірде тұрақтандыру және білікті кадрларды тарту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Осы мақсатта облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес дәрігерлер мен педагогтерге арналған тұрғын үй құрылысын бастау қажет. Есет Байкен бұл тапсырманың облыстағы барлық қала және аудан әкімдеріне қатысты екенін атап өтті.
Сондай-ақ облыс әкімі жастар үшін тұрғын үй сатып алуды қолжетімді ететін, төмен пайыздық мөлшерлеме мен барынша қарапайым қатысу шарттарын қарастыратын жеке өңірлік тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Облыс әкімі Сәтбаев қаласын абаттандыру және оның сәулеттік келбетін жақсарту мәселелеріне де жеке тоқталды. Яғни келесі жылы Ұлытау көшесін толық жаңартуды тапсырды. Жолға күрделі жөндеу жүргізу, аумақты абаттандыру және көше бойындағы үйлердің қасбеттерін жаңарту негізгі басым бағыттардың бірі болуы тиіс.
Бұдан бөлек, өңір басшысы қаладағы жанармай құю станцияларын заманауи талаптарға сәйкестендіруді, олардың сәулеттік және эстетикалық келбетіне ерекше мән беруді тапсырды.
