Жезқазғанда балалар мен жасөспірімдер спорт академиясының құрылысы басталды

2019 жылы Серік Керімбеков негізін қалаған «Namys» СК қоғамдық қоры Жезқазғанда жасөспірімдерге арналған спорт интернатының құрылысын бастады. Оның құрамында спорттық ойын түрлеріне арналған жаңа кешен және 200 орындық жатақхана ашылады.

Қор Жезқазғанда жалпы білім беретін мектептер мен балалар үйлеріне көмек көрсетуінің арқасында жергілікті тұрғындар арасында бұрыннан белгілі. Балаларға сыйлық ретінде теннис үстелдері мен түрлі спорттық құрал-жабдықтар берілді.

Екі жыл бұрын Namys СК дәл осындай атаумен спорт кешенін ашты. Секцияларда жаттығу тегін. Жас спортшыларға спорттық форма беріледі, ал маңызды спорт жарыстарындағы жеңістер міндетті түрде қолдау табады. Кешеннің негізгі бағыты — жекпе-жек. Қазақ күресі, бокс, самбо, дзюдо, еркін және грек-рим күресі, әйелдер күресі, футбол, волейбол, үстел теннисі сияқты спорт түрлері бойынша 10 секция жұмыс істейді. Кешенге мыңнан астам бала келеді. Namys СК тәрбиеленушілері тек қаланың ғана емес, сондай-ақ елдің мақтанышы. Олар бірнеше дүркін жүлдегерлер және республикалық жарыстардың жеңімпаздары.

– Біздің қордың негізгі бағыты — бұқаралық спортты дамыту. Біз салауатты жастарды тәрбиелеп, жасөспірімдердің бойына салауатты өмір салтын сіңіргіміз келеді. Барлық балалар кәсіби спортты таңдай бермейді, бірақ балалық шағында жаттыққан барлық ұлдар мен қыздар табандылық, тәртіптілік, жауапкершілік және қойылған мақсаттарға қол жеткізуге деген ұмтылыс сияқты қасиеттерге ие болатыны хақ, – деп есептейді Namys СК қоғамдық қорының бас директоры Қадыр Нұрланов.

Жезқазған әкімі Қайрат Әбсаттаров пен Namys СК негізін қалаушы Серік Керімбековтың қатысуымен болашақ спорт академиясының іргетасына уақыт капсуласын салтанатты түрде қалау рәсімі өтті.

– 140 адамға арналған көрермен мінбелерімен ойын залы салынады. Волейбол, баскетбол, футбол бойынша республикалық маңызы бар турнирлер өткізуге болады. Тіпті күрес, бокс жарыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік туады. Біз қолданыстағы спорт кешеніне қосалқы ғимарат салып, кеңейтеміз. Онда шешінетін бөлмелерді, тренажер және гимнастика залдарын, үстел теннисіне арналған залды орналастырамыз, – деді Қадыр Нұрланов.

Спорт кешенінен қадамдық қолжетімді жерде 200 орындық жатақхана салынады. Онда жасөспірімдірдің жайлылығы үшін барлық қажеттіліктер ескеріледі. Компьютерлік сыныптар, асхана, кір жууға және үтіктеуге арналған бөлмелер, сабаққа дайындалу бөлмелері. Барлық тәрбиеленушілер тамақпен, спорттық жабдықтармен және құрал-жабдықтармен, оқу әдебиетімен қамтамасыз етіледі. Олар тек спортпен айналысып қана қоймай, жақын маңдағы жалпы білім беретін мектептерге барады.

Жаңа спорт интернатына Ұлытау және Жаңаарқа аудандарынан, сондай-ақ Сәтбаев пен Арқалықтан балаларды тарту жоспарлануда. Шалғай ауылдардың балаларына ерекше көңіл бөлінеді. 10–16 жас аралығындағы балалар қабылданады.

Қадыр Нұрлановтың айтуынша, барлық нысандардың құрылысы келесі жылы аяқталуы тиіс.

Ал 1 маусымға қарай жас жезқазғандықтар NAMYS – workout СК спорт кешенінің жанындағы алаңнан тағы бір сыйлық алды. Енді спорт әуесқойлары таза ауада заманауи жабдықтармен айналыса алады.