«Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығында компьютерлік және хореографиялық сыныптар іске қосылды

Қарағандының Достық үйі базасында құрылған «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығы компьютерлік сынып пен хореографиялық зал ашты.

Компьютерлік сыныптарда «Шаңыраққа» келген аналар тегін оқи алады. Курстарды «Жас Отан» жастар қанатының еріктілері өткізеді.

– Мұнда көпбалалы аналарды компьютерлік сауаттылыққа және egov порталында қызмет алуға оқытатын болады. Курстар бір айға созылады. Осы уақыт ішінде біз 10 адамды оқыта аламыз. Бұл курстар жыл соңына дейін жұмыс істейтін болады. Көпбалалы аналар онлайн-форматта балабақшаларға, пәтерлерге кезекке тұруды, емхананы таңдауды үйренеді, — дейді «Шаңырақ» орталығының жетекшісі Ләззат Қожахметова.

Сондай-ақ, Достық үйінің хореография залында көпбалалы аналарға арналған «Сымбат» клубы өз жұмысын бастады. Мұнда спорттық бидің негіздерін оқып, сауықтыру гимнастикасымен айналысуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Клубты «Шаңырақ» орталығының маманы тегін басқарады.