Ұлағатты дәріптеген белгі

Жақында аудан орталығынан шығысқа қарай 18 шақырым жердегі Арыс медресесі орнына Арыс Сақабайұлының ұрпақтары айшықты белгі орнатты.

Арыс Сақабайұлының өмір жолын Ұлытау жұртына ежіктей таныстыру артық болар. Дегенмен, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында жаңа үлгіде сабақ берген алғашқы мұғалім екенін айта кеткеннің сөкеттігі болмас. Ол кісі қамшының сабындай қысқа ғұмырында елеулі із тастап, ел есінде қалған тұлға. Осы күнге дейін көнекөз қариялар оның есімін құрметпен атайды. Қазыналы қарттар Арыс Сақабайұлын Қаракеңгір өңіріндегі жаңа үлгіде сабақ берген «алғашқы мұғалім» деуі де содан. Осынау тарихи тұлғаның оқу-ағарту саласына қосқан үлесі Қаракеңгір өңірінде өткенін де көне тарихи деректері растап отыр. Біраз жылдан бері Ғалымбек Абуов бастаған Арыс ұрпақтары Қаракеңгір мектебіне Арыс Сақабайұлының есімін беру туралы бастама көтеріп жүргені де сондықтан.

Кешегі қойылған белгі Арыс медресесі болған орынды айғақтайтын айшықты көрініс. Бұл медреседе Арыс Сақабайұлы қаншама шәкіртке білім нәрін септі. Оның шәкірттерінің көпшілігі ауданның дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Сабыржан Досанов, Әбдіхамит Қоңырқұлжинов, Әліпбек Бекетаев, Шабаз Смайлов сынды тұлғалар – Арыс мектебінен қанаттанғандар.
Арыс Сақабайұлы 1895-1975 жылдары өмір сүрген тарихи тұлға. Ол 1920 жылы Ақмоладағы оқытушылар дайындайтын курсты, 1940 жылы Қарағанды қаласындағы педагогикалық училищені тәмамдап, Үлгілі, Айыртау, Аманкелді, Қарсақбай өңірлерінде мұғалім болды. Әріден айтсақ, Арыс Сақабайұлы негізін қалаған медресе Ұлытау халқын рухани тұрғыдан ілгерілеткен, жаңаша білім берген ағартушылық орталық болды. Сол медресенің арқасында жаңа буын интеллигенция қалыптасып, олар жаһандық өркениет деңгейіндегі заман ағымымен үндесті.
Сонымен, Ұлытау селосының бір бүйірінен орын алған айшықты белгі Арыс Сақабайұлының еңбегін дәріптеуге арналған игілікті істің біреуі десе болады.
Тәлімдік-тәрбиелік мәні зор шараға Ұлытау селосының ардагерлері, музей қызметкерлері, Арыс Сақабайұлының туған-туысқандары, ұрпақтары қатысты. Ерекше сипаттағы басқосуда қазақы қалыптасқан үрдіске сай, ақсақалдық жолмен алғашқы сөз кезегін алған Қиятай ақсақал есті естеліктер айтып, осынау жарқын іске ұйытқы бола білген Арыс ұрпақтарына алғысын білдірді. Бұдан кейін еңбек ардагері Қуаныш Бәйтенов Арыс мұғалімнің ұстаздық еңбегін тың деректермен толықтыра түсті. Миргүл Абуова Арыс атасының білім саласына сіңірген еңбегін сипаттай отырып, медресенің жетістіктері мен нәтижелерін баяндады. Қоныс Рысбеков бабасы Арыстың өз заманында атқарған тындырымды істері мен ұстаздық жолындағы ұстанымдары хақында ой өрбітті.
Елді есті әрекеттер мен тәрбиеге үндейтін айшықты белгінің лентасын Арыс Сақабайұлының жақын туысы Қуаныш Бәйтенов пен ауыл ақсақалы Қиятай Сәрсенов, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей – қорығының директоры Ғалым Оспанов қиды.
Сөз түйінін Арыс Сақабайұлының немересі Ғалымбек Абуов түйіндеп, іс-шараға қатысқандарға шексіз ықыласын жеткізді. Сөз басында айтқанындай, бұл басқосу Арыс мұғалімнің білім саласына сіңірген еңбегін көпшілікке насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара. Оған демеушілік көрсеткен Арыс Сақабайұлының ұрпақтары. Белсенді азаматтар Қаракеңгір мектебіне атасының есімі беріліп жатса, мектеп ауласына Арыс Сақабайұлының кеуде мүсінін орнатуға дайын екендіктерін айтып отыр. Бірақ, ол алдағы күннің еншісінде. Әзірге беймәлім.
Іс-шара соңында Арыс Сақабайұлына құран бағышталып, ас берілді.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.