Спорт инфрақұрылымы қарқын алды

Ұлытау облысында бұқаралық спортты дамыту және тұрғындарды салауатты өмір салтына баулу бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бағытта Ұлытау ауданында да тілге тиек етерлік жетістіктер бар. Соңғы жылдары ауданның спорттық инфрақұрылымы кеңейіп, ауыл тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасалуда.

Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының берген мәліметінше, Ұлытау ауданында спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 158 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш облыс бойынша ең жоғары деңгейдің бірі саналады және ауданның спорт саласында қалыптасқан әлеуетін көрсетеді. Ауданда соңғы жылдары пайдалануға берілген спорт нысандары тұрғындардың игілігіне қызмет етіп келеді. Әсіресе Қарсақбай, Жезді кентінде бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешені ауыл жастары мен ересектердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Мұнда спорттың бірнеше түрімен тұрақты түрде шұғылдануға барлық жағдай қарастырылған.
Спорт инфрақұрылымының дамуы бұқаралық спорттың өркендеуіне де оң әсерін тигізуде. Бүгінде аудан тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлеріне, футбол, волейбол, баскетбол, күрес және жеңіл атлетикаға қызығушылық артып келеді. Ауылдық округтерде түрлі деңгейдегі жарыстар мен бұқаралық спорттық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып, оған әр жастағы тұрғындар белсенді қатысуда.
Жыл басынан бері облыс көлемінде екі жүзден астам спорттық іс-шара өткізілсе, оның бірқатары Ұлытау ауданында ұйымдастырылды. Мұндай жарыстар жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға да өз үлесін қосуда.
Спорт саласын дамытуда материалдық-техникалық базаны нығайту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Спорт нысандарын жаңарту, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Мамандардың айтуынша, аудандағы спорт инфрақұрылымының жоғары деңгейде қамтылуы ауыл тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындардың денсаулығын нығайтуға оң ықпал етеді.
Жалпы, Ұлытау ауданында спорт саласын дамытуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Қолданыстағы нысандардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету, спорттық іс-шаралардың санын көбейту және жастарды дене шынықтырумен тұрақты айналысуға ынталандыру – ауданның спорт саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Ізбасар ОЙБАС.