Қарағанды перинатология орталығында сәбилерді реанимациялауға арналған заманауи аппарат орнатылды

AYALA қайырымдылық қоры Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасына терапиялық гипотермия және электроэнцефалография аппараттарын тапсырды. Бұл жабдық босану кезінде асфиксияның ауыр түрлерінен туындаған нәрестелердің өлімін азайтуға көмектеседі.

AYALA ҚҚ заманауи реанимациялық жабдықты сатып алуда бас серіктесі Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры болды.

– Жоба аясында электроэнцефалография мониторы және автоматты басқарылатын гипотермия аппараты, сондай-ақ пациент мониторы сатып алынды. Осының барлығы нәрестелер өлімінің деңгейін төмендетуге, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерде асқынған асфиксия нәтижесінде мүгедектіктің ауыр түрлерінің дамуын болдырмауға мүмкіндік береді, – деді Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.

Жыл сайын Қарағанды облысында 19 мың бала дүниеге келеді, оның ішінде мерзімінен бұрын туатындар – шамамен 7%. Оларға негізгі көмекті алты перинаталдық орталық көрсетеді. Олардың бірі клиникалық аурухана базасында жұмыс істейді және жыл сайын 5 мыңға жуық босануды қабылдайды.

Өткен жылы мұнда орташа және ауыр дәрежелі асфиксиямен 100-ге жуық нәресте дүниеге келді. Олардың барлығы терапевтік гипотермияны қажет етті. Алайда ауруханада бұл үшін арнайы жабдық болған жоқ, сондықтан оны импровизацияланған құралдармен өткізді.

Терапиялық гипотермияны жаңа туған нәрестенің өмірінің алғашқы 6 сағатында немесе тіпті алғашқы минуттарында қолдану керек. Содан кейін ми жасушаларының жұмысын қалпына келтіруге мүмкіндік болады. Егер мұндай аппарат ауруханада болмаса, онда баланың орталық жүйке жүйесінің ауыр функционалды зақымдалуы ықтималдығы жоғарылайды, ал күрделі жағдайда сәби шетінеп кетуі мүмкін.

– Соңғы бес жылда біз перинаталдық орталықтарды автоматты басқарылатын гипотермияға арналған жабдықпен жарақтандыру бойынша белсенді жұмыс істеп келеміз. Ірі демеушілердің қолдауымен біз Нұр-Сұлтан қаласының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында, Алматыдағы перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында, Атырау, Түркістан, Семей облыстық перинаталдық орталықтарында осындай аппараттық кешендер орнаттық. Біз бұл жабдықты Қарағанды ауруханасына жеткізгенімізге өте қуаныштымыз және «Басқарылатын гипотермия» жобасының бас серіктесі – Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры кішкентай қарағандылықтардың өмірі мен ақыл-парасатын сақтап қалуға көмектескені үшін алғыс айтамыз, – деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.

instagram.com/ayala.fond