Әлеуметтік желінің адамдар өміріне әсері

Бүгінгі күні өзгенің өмірі мінсіз көрінген сайын, өз өмірің кемшілікке толы сияқты сезілетіні анық. Бұл қазіргі әлеуметтік желі дәуірінде көптеген адамдардың ішкі күйін сипаттайтын шындық.

Таңертең оянғаннан кешке көз ілгенге дейін көпшілік Instagram, TikTok немесе басқа платформаларды парақтап үлгереді. Бірі шетелде демалып жүр, бірі қымбат көлік мініп, бренд киім киіп, сәнді мейрамханаларда уақыт өткізуде. Мұндай контентті күн сайын көрген көрермендер өз өмірін өзгелермен еріксіз салыстыра бастайды. Бірақ экраннан көрінетін өмірдің барлығы бірдей шынайы емес.
Әлеуметтік желі адамдардың тек жарқын сәттерін көрсететін алаңға айналды. Ешкім қиындықтарын, сәтсіздігін немесе уайымын күн сайын жариялай бермейді. Сондықтан, көрерменнің санасында «барлығының өмірі тамаша, тек мен ғана артта қалып қойдым» деген қате түсінік қалыптасады.
Психологтардың пікірінше, өзгенің өмірімен үнемі салыстыру адамның өзін-өзі бағалауына кері әсер етеді. Бұл мазасыздыққа, жалғыздық сезіміне, тіпті депрессиялық көңіл күйге алып келуі мүмкін. Әсіресе, тұлғалық қалыптасу кезеңіндегі жастар сыртқы пікірге өте тәуелді келеді. «Лайк» саны, пікірлер мен жазылушылар саны олардың өзіне деген сенімінің өлшеміне айналып барады.
Халықаралық зерттеулер де осы мәселенің өзектілігін көрсетеді. Америкалық психологтар жүргізген бірқатар зерттеулер әлеуметтік желіні ұзақ уақыт пайдалану адамның психологиялық жай-күйіне әсер ететінін анықтаған. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (WHO) жасөспірімдер мен жастар арасында цифрлық ортада өткізілетін уақыттың артуы психикалық денсаулыққа ерекше назар аударуды қажет ететінін бірнеше рет атап өткен. Көпшілік уақытын қысқа видеолар көруге жұмсайды. Бірнеше секунд сайын ауысатын контент миға үздіксіз ақпарат ағынын береді. Соның салдарынан кітап оқуға, ұзақ мәтінге немесе сабаққа зейін қою қиындай түседі. Сарапшылар мұны «жылдам дофаминге тәуелділік» деп сипаттайды.
Дегенмен, әлеуметтік желінің пайдасын жоққа шығаруға болмайды. Ол білім алуға, жаңа кәсіп үйренуге, шығармашылықты дамытуға, бизнес жүргізуге, қоғамдық мәселелерді көтеруге және адамдарды біріктіруге мүмкіндік береді. Бүгінде көптеген жандар әлеуметтік желі арқылы табыс тауып, жеке брендін қалыптастырып жүр. Сондықтан, мәселе әлеуметтік желінің өзінде емес, оны шектен шығарып пайдалануында.
Мамандар бұл жағдайда бірнеше қарапайым кеңес береді: экран алдында өткізетін уақытты шектеу, әлеуметтік желідегі ақпараттың бәріне сене бермеу, өзгенің жетістігін өз өміріңмен салыстырмау және шынайы өмірдегі қарым-қатынасқа көбірек көңіл бөлу. Сонымен қатар, спортпен айналысу, кітап оқу, табиғатта серуендеу және жақындармен жүзбе-жүз сөйлесу психологиялық саулықты сақтауға көмектеседі.
Көріп жүрген әлеуметтік желідегі әдемі көріністер өмірдің өзі емес, оның өңделген, әдемі көрінісі ғана. Экраннан көрінетін мінсіз өмірдің ар жағында әр адамның өз қиындықтары, уайымы мен еңбегі бар. Сондықтан, өзгенің өміріне қызыға қарағаннан гөрі, өз өміріңді жақсартуға күш салу әлдеқайда маңызды.

Елдара САҒАДИҚЫЗЫ.