Жеңіс Қасымбек үйлердің аулаларындағы барлық балалар алаңдарын тексеруді тапсырды

Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігі мәселесі өзекті бола түсуде. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек барлық бағыттар бойынша шараларды күшейтуді талап етті. Аймақ басшысы барлық аулалардағы ойын алаңдарының жағдайын тексеруді тапсырды.

– Күн сайын балалар алаңдарының сапасы бойынша көптеген хабарламалар мен шағымдар аламын. Барлық қалалар мен аудандардағы аула алаңдарын тексеру қажет. Балалардың жарақат алу қаупін барынша болдырмау үшін жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет, – деді Жеңіс Қасымбек онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте.

Балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова мен полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Зарубаев баяндады.

Ведомствоаралық жол картасы жүзеге асырылуда.

– Білім басқармасымен бірлесіп, жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша қосымша іс-шаралар жоспары әзірленді. Қоғамдық тәртіпті сақтауға және балалардың демалыс лагерлерінде алдын алу жұмыстарына ерекше назар аударылатын болады. Түнгі уақытта көңіл көтеру орындары бойынша, жастардың сүйікті жиналатын орындары – саябақтарда, гүлзарларда, аллеяларда рейдтер жалғасады. Сондай-ақ, патрульдеу нарядтары қалалық жағажайлар, су айдындары және азаматтардың басқа да көпшілік демалатын орындары жанында кезекшілік етеді, – деп хабарлады Қуаныш Зарубаев.

Оның айтуынша, мамыр айында отбасыларды аралау басталды, онда балалары өгей әкелерімен тәрбиеленіп жатқан отбасылар тексеріледі. Полиция қызметкерлері қолайсыз отбасылармен және жасөспірімдермен жұмыс істеу әдістерін қосымша оқыды.

Мектептер мен колледждердегі қауіпсіздік командалары туралы Гүлсім Қожахметова айтып берді. Bilimal автоматтандырылған жүйесінде «Әлеуметтік педагог» модулі құрылды. Өңірде балалар қауіпсіздігі бойынша 70 мектеп бапкері даярланды. Жол картасының бір бағыты – буллинг пен кибербуллингтің алдын алу.

– Ресми түрде, статистика бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс деңгейі төмендейді (32,5%-ға). Бұған, әрине, барлық мүдделі органдар жүргізетін жұмыс ықпал етеді. Бірақ кейбір түбегейлі жетістіктер туралы айтуға әлі ерте. Балаларды жазатайым оқиғалардан қорғау қажет. Ол үшін алдын алу шаралары мен түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Мәселе балалардың өмірі мен денсаулығына қатысты, сондықтан бұл жұмысты тұрақты бақылауда ұстаймыз, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.