Мемлекет басшысы 2026 жылдың 15 наурызында қабылданған Конституцияның ережелерін жүзеге асыру мақсатында конституциялық заңдарға қол қойды

1. «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңы

➤ Заң Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін және қызметін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің құқықтық мәртебесін қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.

➤ Заңның басты жаңалығы – Вице-Президент институтының құрылуы. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Вице-Президент мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында оның мүдделерін білдіреді және Президент айқындаған міндеттерді орындайды.
 
2. «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңы

➤ Конституциялық заң Құрылтайды ұйымдастыру мен оның қызметін, заң шығару процесін және Құрылтайдың өкілеттіктерін жүзеге асырудың өзге де нысандарын, оның депутаттарының құқықтық мәртебесін белгілейді.

➤ Құрылтай – заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган.

➤ Құрылтай партиялық тізім бойынша сайланған 145 депутаттан тұрады. Құрылтай депутатының өкілеттілік мерзімі – 5 жыл.

➤ Органды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайланатын Төраға басқарады.

➤ Заңда Құрылтай өкілеттіктерінің кең ауқымы, соның ішінде Вице-Президентті, Премьер-Министрді, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға келісім беру, Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Жоғарғы Соттың судьяларын сайлау және қызметтен босату, Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың судьяларын қолсұғылмаушылық құқынан айыру, Президент сайлауын тағайындау, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің орындалуы туралы есептерін бекіту айқындалады.