Адалдық, қауіпсіздік, болашақ форумы өтті
Ұлытау ауданында қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайту, заң үстемдігін дәріптеу және жастар арасында адалдық пен қауіпсіздік қағидаттарын қалыптастыруға арналған «Заң мен тәртіп: адалдық, қауіпсіздік, болашақ» форумы ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан тұрғындары, жастар, құқық қорғау органдары мен сала мамандары қатысты.

Форум барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, қаржылық қауіпсіздік, интернет-алаяқтықтың алдын алу, есірткі қылмысына қарсы күрес және цифрлық гигиена мәселелері кеңінен талқыланды.
Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков форумның ашылуында қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіп халық пен билік арасындағы өзара сенімге негізделетінін атап өтті.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Сырым Салиханов сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызын, адалдық пен ашықтықтың қоғам дамуы үшін негізгі қағидат екенін жеткізді.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі Айгүл Жайлыбаева интернет-алаяқтық пен қаржылық қауіпсіздік мәселелерін сөз етсе, Полиция департаментінің өкілі Серік Нұртаев есірткі қылмысының алдын алу және жастарды зиянды әдеттерден қорғаудың маңызын атап өтті. Прокурор Еркен Баймағамбетов заң үстемдігі мен құқықтық сауаттылық қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін түсіндірді.
Форум аясында интерактивті бөлімдер ұйымдастырылып, жастар арасында АК-74 автоматын шашып-жинау сайысы өткізілді. Сондай-ақ кинологиялық қызмет пен арнайы жасақтың көрсетілімдері ұсынылды, бұл қатысушыларға тәжірибе мен қызықты ақпаратты бірге көріп-білу мүмкіндігін берді.
Шара соңында қатысушыларға алғыс айтылып, заң мен тәртіпті сақтау, адалдықты дәріптеу және қауіпсіз қоғам құру – баршаға ортақ міндет екені атап өтілді.
Аманкелді АҚШАЛ.
