Аймақ басшысы – Ұлытауда
Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК жұмыс бабындағы сапармен Ұлытау ауданында болып, өңірдің даму тынысын бағамдады. Сапар барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ аймақ басшысымен бірге болды. Ұлт ұясында туризмді, тұрғын үй және демалыс салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Аудан орталығында екі 16 пәтерлі және екі 8 пәтерлі үйлер салынуда. Сапар орталығының құрылысы аяқталды.
Облыс әкімі көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысы алаңында болды. Құрылыс жеке инвестициялар есебінен жүргізілуде. Мұндағы баспаналар сатып алу құқығымен жалға берілетін болады.
Сондай-ақ, аймақ басшысы ауданда туризмді дамытудың драйвері болуы тиіс Сапар орталығына барды. Онда туристер үшін қолайлы жағдайдың барлығы жасалған. Қонақ үй, асхана, мәжіліс және ақпарат залдары бар. Бұл жерде туристер Ұлытаудың табиғи және тарихи ескерткіштері туралы ақпаратты көрнекі экспозиция түрінде ала алады.
Сапар кезінде Жеңіс Қасымбек Қарсақбай кентін де назардан тыс қалдырмады. Онда биыл пайдалануға берілуі тиіс, 100 орынға есептелген денешынықтыру-спорт кешеніне атбасын бұрды. Облыстық салалық басқарманың басшысы Темірхан Абылаев кешенді жылыту орталықтандырылған жүйеде болатынын атап өтті.
Жөндеуді қажет ететін Қарсақбай агротехникалық колледжінде облыс басшысына құрылыс жұмыстарының нәтижесі көрсетіліп, оқу үдерісін ұйымдастыру туралы айтылды. Бүгінде мұнда 120 адам оқиды.
Аудандағы жұмыс сапарының түйінінде Жеңіс Қасымбек Қарсақбайдағы денешынықтыру-спорт кешені құрылысын бақылауда ұстауды тапсырды.
– Нысанды мерзімінде тапсыру, күзге қарай тұрғындардың оның игілігін көруі – маңызды, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің материалы негізінде әзірленді.