Дала өртінің алдын алу – ортақ міндет
Дала өрттері дегеніміз не? – Орман және дала өрттері құрғақ ауа райы мен жел кездерінде айтарлықтай үлкен территорияға таралып кетеді. Ыстық ауа райы кездерінде, егер жауын-шашын болмаса далалық шөптер мен орман құрғап, кез келген абайсыз жанған оттың әсерінен өрт тез таралып кетуі мүмкін.

Ең өртке қауіпті орман өсімдіктеріне қарағайлы, жапырақты ағаштар, қыналар, бүлдіргендер, аршалар және далалық құрғақ шөптер жатады. Құрғақ құмды топырақты жерлердегі ағаштарға, шөптерге өрт ең жиі әрі тез таралады, бірақ оларды өшіру оңайырақ келеді. Қылқан жапырақты ормандардағы түскен жапырақтар, бұталар және құрғақ шөптер қауіпті өрт тудырады. Олар үлкен зардап шектіреді.
Дала өрттерінің шығу фактілеріне тоқталсақ, өрт оқиғаларының туындауы ауа райының қолайсыздығынан, найзағай, күннің ыстық болуынан және қарапайым адам факторынан болады.
Ұлытау ауданы тұрғындары мен қонақтарына түсіндіре кетсек, ауданымыздың сұлу да әсем табиғатын тамашалап демалуға әр жерлерден демалушылар саны жұма, сенбі, жексенбі күндері күн санап көбейіп келеді. Осы демалушылар қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамай өрттің шығуына бірден – бір себепкер болуы мүмкін. Темекі тұқылы, сіріңке және ашық отты пайдаланып, оны сөндірмей қараусыз қалдырып кете береді. Осының салдарынан жалындаған от шығып, көрік беріп тұрған әсем табиғатымызға орасан зор шығын келеді. Осы демалуға келген қонақтарға және жергілікті тұрғындарға төмендегі қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін есте сақтауын сұраймыз!
Орман – тоғай және шабындықты жерлерде демалушыларға ашық отты пайдалануға қатаң тиым салынады, толық сөнбеген темекі тұқылын, сіріңке қалыңдығын тастауға болмайды. Демалатын орынға шыны ыдыстарды және тағы басқа күнге қызып жануы мүмкін заттарды ашық аумаққа жинап, айналаны ластауға болмайды. Осы жағын сіздерге алдын ала ескертеміз. Егер, өрт шыға қалған жағдайда қарап тұрмай өрттің алдын алуға кірісу керек, қолда бар құрал саймандармен сөндіруге әрекет жасау қажет. Осындай жағдай туындап жатса, өрт сөндіру бөліміне «101», «112» телефондарына шұғыл түрде хабар беруге әрекет жасаңыздар.
Өрт-тілсіз жау, табиғатымызды өрт қаупінен сақтау барлығымызға ортақ міндет.
Ұлытау ауданы ТЖБ.