Суға шомылу кезіндегі келеңсіз оқиғалардың алдын алайық!
Жаз – еңбек демалыстарының, саяхаттың, күлімдеген күннің, таза ауаның және шомылудың маусымы. Шомылу демекші, бұл – осы мезгілдің ең рақат сәттерінің бірі. Шомылуды бәрі де жақсы көреді. Алайда, өз денсаулығына зиянын тигізбей, «дұрыс» шомылудың ережелерін бәрі де жақсы біледі деп айта алмаймыз.
Бір айта кететін жайт ол, Ұлытау ауданы аумағында арнайы суға шомылу орындары қарастырылмаған, аудан тұрғындары және демалуға келуші қонақтар суға шомылуға, ағып жатқан өзен-көлдерге және қарасуларға келеді.
Келеңсіз оқиғалардың алдын алу барысында, жазғы маусым кезінде, Ұлытау ауданы ТЖ бөлімі және ауданның полиция қызметкерлерімен бірлесіп, қарапайым халыққа таныс емес жерлерде суға түсуге, суға түсу ережелері сияқты түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Төмендегідей қауіпсіздік ережелерін ұсынамыз:
Суық суда бұлшық еттер тартылып, денеңіз тырысып, талып қалуыңыз мүмкін. Осының әсерінен адамдардың қайтыс болған жағдайы аз болмаған. Сондықтан, Сіз де талма ауруы байқалған болса, жағалаудан алыс кетпегеніңіз абзал және киіміңізге түйрегіш түйреп жүріңіз, аяқ астынан денеңіз тырыса бастағанда түйрегіштің бас жағын денеге түйреу керек.
Жағалауға жете салысымен суға қойып кетуге болмайды. Температураның күрт өзгеруі буындардың тартылуына апарып соқтырады. Ағзаңызға жаңа ортаға үйренісу үшін 15 минут уақыт беріңіз. Сонан кейін еш кедергісіз шомылуыңызға болады. Өзіңізге таныс емес жерлерге сүңгімеңіз. Тастардан немесе бұталардан жарақат алып қаласыз. Тамақ пен шомылудың арасы бір сағат болуы керек. Тамаққа тойып, суға секіруге болмайды.
Сонымен қатар, Төтенше жағдай оқиғалары туындаған кезде, шұғыл қызметтің «101», «112» телефондарына хабарламалар, ақпараттар беру мүмкіндіктері қарастырылған.
Нұрлыбек НҰРСАН,
Ұлытау ауданы ТЖБ аға инженері,
азаматтық қорғау лейтенанты.