Ұлытауда белсенді жастар форумы өтіп, референдумға үлес қосқан азаматтар марапатталды
Ұлытау облысында белсенді жастардың «Жаңа Конституция – жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің негізі» атты форумы ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шара аясында ел өміріндегі маңызды саяси науқан – референдумның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар табысталды.

Форумға өңірдің белсенді жастары, қоғамдық ұйым өкілдері және түрлі сала мамандары қатысты. Жиында Конституциялық реформалардың маңызы, жастардың қоғамдағы рөлі мен құқықтары, сондай-ақ олардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері кеңінен талқыланды.
Салтанатты рәсімде Ұлытау облысы әкімінің міндетін атқарушы Алмаз Идырысов құттықтау сөз сөйлеп, марапаттарды табыстады.
«Жастар – ел болашағының басты қозғаушы күші. Бүгінгі өзгерістер мен жаңғырулар сіздердің белсенділіктеріңізбен тығыз байланысты. Сіздердің азаматтық ұстанымдарыңыз бен ел тағдырына деген жанашырлықтарыңыз – жарқын болашақтың кепілі», — деді облыс әкімінің міндетін атқарушы Алмаз Идырысов.
Форум барысында бірқатар белсенді азаматтар Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталса, тағы бір топ азаматқа Мемлекет басшысының Алғысы жарияланып, арнайы төсбелгілер табысталды.
Маңызды жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады.
