Жаңа Ата заң – өркениеті бай, тарихы терең, мұраты биік, жоспары айқын, болашағы жарқын, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза Қазақстанның төлқұжаты – Мемлекет басшысы

Мемлекет басшысы:

«Шын мәнінде, жаңа Ата заң – өркениеті бай, тарихы терең, мұраты биік, жоспары айқын, болашағы жарқын, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза Қазақстанның төлқұжаты.

Мен Мемлекет басшысы ретінде әрбір шешімді тек ұлт мүддесі тұрғысынан қабылдайтынымды атап өткім келеді.

Бізге арқаны кеңге салып, жайбарақат жүруге болмайды. «Бір жөні болар, жолымыз болар» деп отыра алмаймыз. Оған құқымыз да жоқ. Біз эволюциялық даму жолына, яғни жан-жақты, жедел және батыл жаңғыру жолына түстік.

Ұсынылған Конституция жобасы қабылданса, мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болады, сондай-ақ еліміздің бүкіл заң жүйесі жаңарады.

Ата заңға өзгерістер енгізу тәртібі әлдеқайда жақсарып, демократиялық құқықтық сипатқа ие болады.

Қазіргі Конституция бойынша Парламент Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады және мұндай жағдай осыған дейін бірнеше рет болған.

Ал, енді Конституцияға енгізілетін кез келген өзгерістер мен толықтырулар бойынша шешім тек жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданады.

Бұл қадам келешекте жекелеген саяси топтардың мүддесіне бола негізсіз конституциялық түзетулер жасауға тосқауыл қояды.
Мен Президент қызметіне кіріскен сәттен бастап ел тағдырына қатысты аса маңызды мәселенің бәрі халықтың талқысынан өтіп, референдум арқылы шешіліп келеді. Бұл мен үшін мызғымас ұстаным болды.

Естеріңізге сала кетейін, 1995 жыл қабылданған «Референдум туралы» конституциялық заң өз күшіне ие болғалы алғаш рет 2022 жылы ғана қолданылды. Алдағы науқан аз уақыт ішінде өткен үшінші референдум болмақ».