Екпе – ең тиімді тәсіл
Қауіпті індет Ұлытау аумағын да «ілмегіне» іліп тұр. Оған селқостықпен қарау салдарынан ауруға шалдыққандар саны арта түсті. Әлеуметтік желідегі жел сөзге ергендер екпе алуға алуға ынталылық танытпай отырғаны да жасырын емес. Бұл – өрескел қателік. Олар – өз денсаулығына ғана қауіп төндіріп қоймай, отбасына, жанындағыларға дерт жұқтыруы мүмкін екенін ұғына алмай жүрген жандар. Мұны неге айтып отырмыз?
Айта кетейік, жыл басынан бері індет жұқтырудың сексен бес жағдайы тіркелді. Соңғы екі апта ішінде коронавирустан екі адам көз жұмды. Қазір он адам Жезқазған қаласындағы модульді орталықта ем алып жатыр. Оның cегізі – Ұлытаудан, екеуі – Жезді, Қарақұм өңірлерінен. Бұлармен байланыста болған жүз қырық алты адам анықталып, үй жағдайындағы оқшаулауға жіберілді.
Қазіргі кезде ауданда коронавирус инфекциясының таралуын тоқтату мақсатында екпе салу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Өйткені, екпе коронавирус жұқтырмаудың ең сенімді жолы болып тұр.
Ауданның бас санитар-дәрігері Ерлан Танабаевтың айтуынша, жалпы аудан бойынша «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін 510 адам, тағы 110 адам препараттың екінші компонентін алыпты.
Күнделікті ақпаратты зерделесек, әлемнің кейбір елдері халқының басым көпшілігі вакцина салдырып үлгерді. Мұны жағымды үлгі деуге толық негіз бар. Сондықтан, біз де өзімізді қорғау үшін вакцина қабылдауымыз қажет. Сонда ғана айналамыздағы қатер азайып, вирусты жеңеріміз күмәнсіз.
Ауданның атқарушы билігі кеселге тосқауыл қою бағытындағы шараларды пәрменді жүргізуде. Кәсіпкерлік нысандарда эпидемиологиялық талаптардың орындалуын қадағалайтын мониторингтік топтар – тұрақты жұмыс үстінде.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.