ҰЛЫТАУ: Көгалдандыру жұмысы – қарқынды
Ұлытау ауданының әкімі Советбек МЕДЕБАВТЫҢ Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде жаппай ағаш егу акциясын өткізу туралы бастамасы өңірдегі ілкімді істің іргетасы іспетті болды. Атаулы күні аудан орталығына кіреберіс жолдың қапталына 500 түп терек көшеттері отырғызылды. Акция аясындағы шырайлы шараға жұртшылық жұмыла кірісіп, бірліктің шынайы үлгісін танытты.
Көңілге қуаныш ұялатар жайттың бірі һәм бірегейі – бағалы бастаманың ауданға қарасты кенттер мен ауылдарда іркіліссіз жалғасын тапқаны. Алғашқы кезекте, Терісаққан және Шеңбер ауылдық округтерінде мекеме ауласына, саябаққа қарағай, терек және ерен ағашының көшеттері отырғызылды.
Ізгілікті іске белсенді түрде, білек сыбана кіріскен қарсақбайлықтар кенттегі «Даңқ» аллеясына 25 түп терек, жазғы саябаққа 30 түп тал көшетін екті. Ал, Сарысу ауылында – 100, Борсеңгірде – 100, Мибұлақ ауылында 100 түп терек көшеттері бой түзеді.
Акцияға Қоскөл, Аманкелді, Қаракеңгір, Егінді ауылдары мен Ақтас кенті тұрғындары да қолдау көрсетіп, елдіктің ұлағатты үлгісін танытты.
Аудан аумағында елді мекендерді көгалдандыру бағытындағы жұмыстар әлі де үздіксіз жалғасын табуда.
Өз тілшімізден.