Патриоттық рухты асқақтатқан шара

Күні кеше іргелі білім ошағы №1 Ұлытау тірек мектебінде «Біртұтас ел – біртұтас жер» акциясы аясында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі өкілдерінің қатысуымен жаңа форматта әскери-патриоттық шара өтті. Тәрбиелік мәні зор шарада Қорғаныс саласының білікті мамандары жас буынға кәсіби тұрғыда бағыт-бағдар беріп, патриоттық рухты асқақтатты.

Әуелі аталған білім ордасында ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпараттық түсіндіру тобы жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Әңгіме барысында мазмұнды әңгіме өрбітіп, жастардың тәлім-тәрбиесі жайында ой бөлісті. Оған ҚР ҚМ Әскери білім және ғылым департаментінің өкілі, подполковник Серік Қуатбаев, Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек, «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының аппарат басшысы Нұрқуаныш Отанбекұлы, «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысы аппарат басшысының орынбасары Сержан Жандыбаев, Ұлытау аудандық Қорғаныс істері бөлімінің бастығы Дәурен Сәрсенбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов, №1 Ұлытау тірек мектебінің директоры Жанар Төлегенова мен алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Жандос Қапет қатысты.
Мәнді басқосуда ақпараттық-түсіндіру тобы жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірлесіп, «жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында «Жас сарбаз» сыныптарын ашу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, әскери оқу орындарына түсу тәртібін, әскерге шақыру шарттарын және әскери міндетін өтеген азаматтарға әлеуметтік кепілдіктер қарастырылғанын түсіндірді.
Бұдан соң, Қорғаныс саласының мамандары мектептің тыныс-тіршілігімен білім алушылардың ғылым, білім жолындағы шығармашылық жұмыстарымен танысты. Қосымша білім беру ұйымдарында да болды. Мектеп музейін аралап көрді. Көрмені де тамашалады. Көрмеге оқушылардың сан түрлі бағыттағы қолөнер туындылары қойылды. Әсіресе, өңірдегі тарихи ескерткіштердің макеттері, саз балшықтан, ағаштан жасалған бұйымдар, робототехника жобалары көпшілікті таңғалдырды.
Іс-шара соңында Қорғаныс министрлігінен келген өкілдер көңілге қонымды мазмұнды шара ұйымдастырғаны үшін №1 Ұлытау тірек мектебінің директоры Жанар Төлегеноваға ризашылықтарын білдіріп, ҚР Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабековтың Алғыс хатын тапсырды. Сонымен бірге, іс-шарада белсенділік көрсеткен мектеп оқушыларына сый-сияпаттар табысталды.
Қорыта айтқанда, бұл кездесу өскелең ұрпақтың отансүйгіштік сезімін нығайтып, ел қорғаны болатын болашақ сарбаздардың өн бойына патриоттық рухты ұялатқан тәлімді басқосу болды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.